Қазақстан аумағында мигранттарды орналастыру туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді — СІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Сыртқы істер министрлігі Қазақстан аумағында үшінші елдер мигранттарын орналастыру мәселесі бойынша Еуропалық Одақпен келіссөздер жүргізілді деген ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлім етті.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Ресми өкілдің айтуынша, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында немесе оған мүше мемлекеттермен Қазақстан аумағында Қазақстан Республикасының азаматтары емес, сондай-ақ еуропалық елдерден қайтарылуға немесе депортациялануға жататын адамдарды қабылдау, орналастыру, ұстау немесе транзиттік өткізу орталықтарын құру мәселесі бойынша ешқандай келіссөздер жүргізілмеген.

Сондай-ақ ведомство өкілі Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету мәселесі мен реадмиссия мәселесі дербес құқықтық сипатқа ие екенін атап өтті.

— Визалық режимді жеңілдету жөніндегі ықтимал талқылаулар Қазақстан аумағында өзге мемлекет азаматтарын орналастыру жөнінде қандай да бір міндеттемелер қабылдауға негіз бола алмайды, — деп толықтырды Ерлан Жетібаев.

Бұған дейін визалық талаптарды жеңілдету жөніндегі келіссөздер аяқталғанын жазғанбыз.