Қазақстан аумағында агломерациялық орталықтар қалыптастырудың маңызы зор - дөңгелек үстел отырысы
Осы мәселеге орай Оралға арнайы келген Ресейдегі қалалар мен ауылдарды дамыту бағдарламасын жасақтаумен айналысып жүрген мәскеулік ғалым, академик Александр Лоланың атап өткеніндей, тұрғындарды табиғи түрде орналастыруда агломерацияны қалыптастыру ерекше рөл атқарады. Бұл ретте ірі агломерациялар қала мен ауылдық жердің қарқынды дамуына септеседі. Осы орайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге баса назар аударып, агломерациялық орталық ретінде ірі қалалар құрудың қажеттігін атап көрсетті. Және сол бағытта нақты қадамдар қолға алынуда.
Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісовтің айтуынша, Елбасы Жолдауына сәйкес елімізде Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалалары агломерациялық орталық ретінде құрылуы керек. Сонымен қатар Батыс Қазақстан Ресей Федерациясының бес бірдей өңірімен шектесетіндіктен, мұнда да агломерацияның негізін қалауға мүмкіндік бар. Оның үстіне бұған Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы сеп болып отыр. Агломерация - тек қаладағы халықтың санын көбейту ғана емес, сол өлкені дамытуға өз ықпалын тигізеді, яғни сол үшін жағдай жасап тұратын фактор болуы керек. Ең алдымен өңірде агломерация құру үшін капитал жинақталуы, инфрақұрылым болуы қажет. Сондықтан ғалымдар ғылыми жұмыстармен айналысып, ізденістерінің нәтижесін көрсетуі тиіс. Сонда ғана агломерация экономиканың дамуына өз үлесін қосады.
Мәжіліс депутаты Виктор Киянскийдің пікірінше, агломерация мәселесі ертерек қолға алынған елдерден маман алдыртудың артықтығы жоқ. Мәселен, Ресейде агломерация туралы заң бар. Озық тәжірибені пайдалана отырып, жергілікті аймаққа тиімдісін таңдап алу керек. Бағыт дұрыс, айқын болу үшін заң актілеріне тиісті өзгерістер енгізу қажет. Агломерация - түрлі кедергіден өтудің бір жолы. Қазіргі кезде бірлескен кәсіпорындар құру кеңінен қолға алынып, экономикалық кедергілер алынып тасталуда. Міне, агломерация, түптеп келгенде, экономикалық байланыстардың нығаюына, Еуразиялық экономикалық одақтың беки түсуіне ықпал етеді.