Қазақстан аумағында антициклонның әсерінен ауа температурасы төмендейді - синоптиктер

АСТАНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат - Демалыс күндері, 23-24 ақпанда Қазақстанның көптеген бөлігі орталығы Таймыр түбегінде орналасқан циклон қойнауының әсеріне түседі, сондықтан республикадағы ауа райы тұрақсыз сипатта болады: кейбір жерлерде бұрқасыны бар қар жауып, жел күшейеді, батыс және оңтүстік аймақтарда тұман болады.

Бұл туралы Қазгидрометтің баспасөз қызметінен хабарлайды.

Дүйсенбіден бастап Қазақстанның аумағына солтүстік-батыстан қарай орталығы Украина түбінде орналасқан антициклон кіре бастайды. Шығысқа қарай беттеген бұл антициклон температураның төмендеуі мен жауын-шашынның тоқтауына себепші болады. Елдің солтүстік және шығыс аймақтарында ғана циклон әсерін сақтап қалып, бұл аймақтардың кей жерлерінде қар жауып, бұрқасын болады, желдің күшеюі ықтимал.