Қазақстан аумағында «Күндізгі шектеусіз» атты жаңа тариф қызмет ете бастады

АЛМАТЫ. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ел ішінде «Күндізгі шектеусіз» жаңа тарифі қызмет ете бастады. Енді Activ абоненттері күніне 50 теңге ғана төлеп, күнделікті 01.00-18.00 аралығында еш шектеусіз сөйлесе алады. Бұл жайында бүгін Алматыда арнайы өткен баспасөз мәслихаты кезінде GSM Қазақстан /Kcell ұялы операторы мәлім етті.

Осылайша бүкіл Қазақстан бойынша 7 миллионнан астам Activ абоненті 5-ші қыркүйектен бастап нағыз әңгіме-дүкен құруға болатын сағаттарда минут құнына қапаланбай сөйлесе алады. Жаңа тарифпен желі ішіндегі бір сағат хабарласудың орташа құны енді 3 теңгеге де жетпейді.

«Біз Kcell және Activ абоненттерінің ұялы байланыс қызметтерін одан да көбірек пайдалана алулары үшін бар жағдайды жасауға тырысамыз. Сондықтан біздің биылғы жылғы барлық ұсыныстарымыз екі негізгі жайтқа бағытталған. Яғни, сөйлесу минутының орташа құнын төмендету және қоңыраулардың ұзақтығын арттыру. Стратегиямыздың елеулі нәтижеге ие болып жатқандығын көрудеміз, өйткені желідегі қызметтерімізді тұтыну ауқымы ұдайы өсуде. Бұл дегеніміз, ұялы байланыс қызметтерін пайдалану мүмкіндігі барлық категориядағы тұтынушылар үшін артып келетіндігінің бірден бір айғағы», -дейді GSM Қазақстан /Kcell маркетинг директоры Каспурс Кукелис.

Оның айтуынша, тарифтік саясаттағы өзгерістер сондай-ақ Kcell пайдаланушыларына да қатысты, ол жеке тұлғаларды да, корпоративтік клиенттерді де қамтиды. Жеке тұлғалар үшін барлық бағыттарға қандай да бір қосымша шартсыз және абоненттік төлемсіз ҚҚС есебімен 11 теңге құрайтын қоңыраулардың бірегей құны енгізілген. Сонымен қатар осы корпоративтік клиенттерге Kcell корпоративтік топ ішінде айына 500 теңге ғана төлеп, тегін сөйлесудің тамаша мүмкіндігін ұсынуда. Солай бола тұра басқа операторларға қоңырау шалу құны 11 теңгені құрамақ.