Қазақстан аумағында өзінің оффшорлық аймағы құрылса игі - Т. Өмірзақов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан аумағында өзінің оффшорлық аймағы құрылса игі. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің атына сауал жолдаған депутат Тұрсынбек Өмірзақов осындай мәселе көтерді.

Сауал барысында Елбасы «көлеңкелі» бизнеспен күресуге қатысты нақты тапсырмалар жүктегенін айтқан депутат бұл бағыттағы атқарылып жатқан шараларға көңіл толмайтынын, аңғартты. Осыған орай, Тұрсынбек Қазенұлы министрлік орта мерзімдік кезеңге арнайы бағдарлама қабылдап, ең құрығанда нақты бір немесе бірнеше салада «көлеңкелі» айналымды төмендетуге кірісуі керек.

«Ең алдымен конвертпен берілетін жалақыны жоюға тиіспіз. Бұндай жасырын жалақы салықтан жалтартып қана қоймай, әлеуметтік проблемаларға да соқтырады. Конверттен жалақы ала отырып, біздің азаматтарымыз жәрдемақы мен зейнетақыдан қағыла түседі», - дейді Тұрсынбек Өмірзақов.

Депутат көтерген екінші мәселе - оффшордан қазақстандық капиталды шығару. «Қазақстанның халықаралық инвестициялық позициясына көз жүгіртсек, елімізден Виргин аралдарына 3,6 млрд. доллар инвестиция салғанбыз. Кипрге 1,9 млрд. доллар салынған. Осындай елдермен жұмыс жасауға тиіспіз, салықтық ақпарат алмасуымыз керек. Сосын қазір Қазақстанда көптеген арнайы экономикалық аймақтар бар. Ендеше республика аумағында өзіміздің оффшорды құру туралы ойланғанымыз да абзал», - дейді Т. Өмірзақов.

Оның айтуынша, көптеген дамыған елдерде өздерінің оффшорлары бар. Көршілес Ресейдің өзі Қиыр Шығыстан оффшор аймағын салғысы келеді. «Ал Еуразиялық экономикалық одақ аясында құрылуы мүмкін мұндай еркін аймаққа қазақстандық капитал ағыны кедергісіз құйылып кету мүмкін. Бұдан бөлек, келешекте оффшорлар капитал ағынын тартудың негізгі құралына айналуы ғажап емес», - дейді депутат.