Қазақстан аумағында террористік материалдарды таратуға ғана емес, оларды әкелуге, шығаруға және әзірлеуге тыйым салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлеріне экстремизмге және терроризмге қарсы iс-қимыл мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы екiншi оқылымда мақұлданды. Мәжіліс мақұлдаған құжат Парламент Сенатына жолданады.

«Екінші оқылымға әзірлеу барысында депутаттар алпыстан астам түзетулер ұсынды. Олардың басым бөлігі экстремизм мен терроризмге қарсы күрес саласындағы құқықтық базаны жетілдіруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, мемлекеттік органдардың осы саладағы қызметтері нақтылана түседі. Мәселен, терроризмге қарсы орталықтың жұмысы кадрлық бағытта нығайтылады», - деді Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуынша, заң жобасында экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары күшейтіледі. Бұл ретте депутаттар жаңа құқықтық тетікті енгізу мәселесін пысықтаған. «Еліміздің аумағында террористік және экстремистік материалдарды таратуға ғана емес, оларды әкелуге шығаруға немесе әзірлеуге тыйым салу ұсынылып отыр. Бұдан бөлек, жер учаскелерiн беру процесiн реттеу, сондай-ақ ғимараттарды ғибадат үйi етіп қайта өзгертумен байланысты шаралар нақтыланады. Атап айтқанда, ғимараттарды ғибадат үйі етіп бейіндеу үшiн жер учаскелерiнiң нысаналы мақсатын өзгерту бойынша түзетулер енгiзiлдi», - дейді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар, заң жобасы бойынша ерекше өндірістік негізде экстремистік немесе террористік ұйымдарды «шетелдік» немесе «халықаралық» деген сөздерді алып тастай отырып, олардың әрекет ететін аумағына қарамастан тану туралы шешім қабылданып отыр. Өйткені, бүгінгі күні Қазақстанда тіркелген ұйымдарды террористік деп тану тек ерекше шағымдық жағдайда ғана жүзеге асады. Ал бұл осындай ұйымдарға қатысты санаттағы істердің соттарда қаралу мерзіміне әсер етеді әрі олардың әрекеттерінің алдын алуға теріс әсер етеді. Осыған орай, мұндай істер бойынша сот шешімдерін жедел орындау санатына жатқызу қарастырылып отыр.

Жалпы, заң жобасының негiзгi мақсаты экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл саласындағы қатынастарды реттейтiн заңнаманы жетiлдiру болып табылады.