Қазақстан аумағында жүк тасымалдауға тапсырыс беру, рәсімдеу, ақысын төлеу online арқылы жүзеге асырылады

АСТАНА. 21 шілде. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы мен Қазкоммерцбанк жүк тасымалына тапсырыс беру саласына ақпараттық жүйелерді енгізу бойынша жаңа инновациялық жобаны жүзеге асыра бастады.

Енді Қазақстан аумағында жүк тасымалдауға тапсырыс беру, рәсімдеу, ақысын төлеуді online арқылы жүзеге асыруға болады. Бұл ақпаратты аталған компанияның баспасөз қызметінен хабарлады.

Аталған жоба «Қазақстан темір жолы» интернет-порталы мен оған ықпалдастырылған Қазкоммерцбанктің «Оnlinebank» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. Жүк тасымалына арналған бұл жобаның таныстырылымы еліміздің алты қаласында Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Павлодар, Өскемен, Шымкент пен Алматыда шілде мен тамыз айларының аралығында өткізіледі.

Екі жақты бірлескен өнімді тұтыну барысында жүк тасымалдаушылар бірқатар басымдылықтар мен мүмкіндіктерге ие болады. Атап айтқанда, тасымалдаушылардың өздері тәуліктің кез-келген уақытында жүкті жеткізу сызбасын жасай алады. Жеткізу мерзімі, жүктің түріне қарамастан жүк тасымалының кез-келген түрі үшін тапсырыс беріп, төлем жасай алады. Үрдістің жылдам жүзеге асуы тұтынушыларға уақыт үнемдеуге, ақпараттарға жылдам қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Бұнымен қатар, Onlinebank ықпалдасқан бағдарламасы тапсырыс берушілерге компанияның есеп-шоттарын ыңғайлы басқаруға мүмкіндік береді. Мысалы: есеп-шотқа түскен қаржыдан ұстау арқылы автоматты түрде қарыздарды жабуға мүмкіндік бар. Осылайша компания өзінің банк алдындағы пайыздық төлемдерін оңтайландыра алады. Күнделікті несие төлемдерін жасау, несие қарыздарын мақсатты пайдалануды бақылау бойынша түрлі қағаз құжаттарды дайындау сынды күнделікті қаржы басқару жұмыстарын тиімді ете алады.

Сондай-ақ Қазкоммерцбанк жүк тасымалына тапсырыс беру жүйесі аясында кәсіпкерлерге банктік есеп-шоттарға овердрафт ұсына алады. Бұны жүк жіберушінің есеп-шотында қаржы болмаған жағдайда жүзеге асыруға болады.

Onlinebank жүйесі толықтай мобилді және қауіпсіздігі сандық сартификаттау технологиясымен және электронды сандық қолтаңбамен қамтамасыз етілген. Тұтынушы компьютері мен Қазкоммерцбанктің сервері арасындағы ақпарат алмасу, бірнеше деңгейлі қорғау арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйені бұзудан сақтайды. Сонымен қатар, кірудің көп деңгейлі жүйесінің, лимит бойынша шектеулердің болуы қаржы құралдарының қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етеді.

«Теміржол саласындағы қызметтерді дамыту бойынша инновациялық тәсілдерді біз жолаушылар билетін online тапсырыс беру, сатып алу жобасын енгізуден бастадық. Кезек жүк тасымалына жетті. Бұл қызметті енгізуде біз жүк тасымалын интернет арқылы рәсімдеуді пайдаланып келген елдердің тәжірибесін де ескердік. Қазіргі кезде барлық үрдістер тесттік сынақтан өтуде. Біздің жаңа қызметіміз биылғы жылдың екінші жартысында қолдануға ниет білдірушілердің барлығына қолжетімді болады», - деді «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның ақпараттық технологиялар жөніндегі басқарушы директоры Асан Досаев.

«Инновациялық банктің дәстүрлерін жалғастыра отырып, біз жаңа, маңызды тапсырманы -еліміздегі ірі компаниямен ақпараттық жүйені ықпалдастыруды қолға алдық. Бұл болашақта отандық бизнеске көмек қызметін көрсетуі тиіс», - деп атап өтті Қазкоммерцбанктің атқарушы директоры Мұхит Инебеков.

Жоба бойынша бірлескен жұмыстар 2011 жылдың бас кезінде, «Қазастан темір жолы» мен Қазкоммерцбанк арасындағы электронды төлем бойынша, ұзақ мерізімді стратегияны жүзеге асыру аясында әріптестік туралы меморандумға қол қоюдан басталды. Болашақта ұлттық компания жүк тасымалы бойынша барлық тапсырыстарды интернет- портал арқылы қабылдауға көшіруді жоспарлап отыр.