Қазақстан аумағында «Жылқы» халықаралық тележобасы түсіріледі - Абаев

Фото: None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» РТРК Clearwater Documentary Inc. компаниясымен бірлесе отырып, «EQUUS» (Жылқы) атты деректі триологиясы жобасын бастамақ. Жобаның мақсаты - адамзат тарихының жаңа қырларын ашып көрсету, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін біз өте маңызды меморандумға қол қоймақпыз. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі осы жобаны еліміз тарапынан жүргізу үшін «Қазақстан» РТРК» АҚ-ны белгіледі. Атап айтқанда, бұл жоба арқылы еліміздің имиджін, туристік мүмкіндіктерін, сондай-ақ ғылыми-зерттеу саласын одан ары қарай дамытуға үлес қосамыз деп ойлаймын»,-деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәрен Абаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Белгілі болғандай, деректі трилогия бойынша канадалық режиссер, антрополог Найоби Томпсон жұмыс істейтін болады.

«Біздің елдің аумағында жылқы алғаш қолға үйретілгені туралы деректер бар, сондықтан осы жобағы қатысуға тиіспіз. Бізден басқа осы деректі трилогияға төрт мемлекет өкілдері қатысады. Яғни Канада, АҚШ, Франция және Германия қамтылып отыр. Бұл елдерден де төрт телекомпания үлестерін қосады. Бірлескен жоба 2018 жылы аяқталып, көпшілік назарына ұсынылады»,-деді министр.

Жоба арқылы еліміздің аумағында жылқыны алғаш қолға үйретудің мән-жайы, жылқы жануарының ұлттық мәдениемізде алатын орны және басқа да маңызды аспектілерге ғылыми түрде егжей-тегжейлі түсінік беріледі. Осы бастама арқылы еліміздің мәдениеті, тарихы әлемдік деңгейде көрсетілетін болады.

Абаевтың пайымынша, аталмыш туынды әлемнің 50-ден астам елінде миллиондаған аудитория жинайды деп күтілуде. Сонымен қатар министр фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында фильм елімізде, Ботай қонысында түсірілетінін хабарлады.

Бұдан бөлек, продюсер Нұрбол Баймұханов үш сериялы туындының түсірілімінде Алматы облысы аумағындағы көрікті жерлер де қамтылатынын атап өтті.