«Жерді қашықтан зондтау түсірілімі деректеріне сәйкес 23 наурыз күні республиканың қар басқан аумағы 49 пайызды құрап отыр. Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облысында қар басқан аумақ 3 пайыз ғана. Алматы облысында 16, Қызылорда облысында 1 пайызды құрайды. Сәйкесінше Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі өзендерге еріген қар суының түсу қаупі төмен», - деді министр.
Оның айтуынша, Қазақстанның оңтүстігіндегі трансшекаралық өзендердің су деңгейі Қырғызстан мен Өзбекстан республикаларында орналасқан су қоймаларының су шаруашылығы режіміне байланысты айқындалады.
«Қызылорда облысында Сырдария өзенінде мұз құрсауының бұзылуы процесі жалғасуда. Бұл жағдай өзен арнасында мұз кептелістері мен жайылым учаскелерін су басу қаупіне әкелуі мүмкін. Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының тау өзендерінде су тасуы қатты жаңбыр-шашын мен топырақ ылғалдылығына байланысты қалыптасады», - деді Қанат Бозымбаев.
Министрдің дерегінше, Қарағанды облысындағы Нұра және Шерубай-Нұра өзендеріндегі ылғал көлемі 70 пайызға қысқарған. Ақмола облысында Астана су қоймасына дейінгі Есіл өзенінің ылғал көлемі 40, Ақтөбе облысында 10, Атырау облысында 100 пайызға ылғалдылық кеміп отыр. Ал Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында ылғалдылық керісінше 30 пайызға ұлғайған.
«Қарағанды облысындағы өзендерде көктемгі су тасу процесі басталды. Сарысу, Шерубай-Нұра өзендеріндегі су деңгейінің жоғарылауы 0,9-0,9 метрді құрайды. Нұра өзенінде су деңгейі Самарқанд су қоймасына дейін 1,7-3,5 метрге, Талды өзенінде қалыпты белгілерге жетті. Осыған орай 24 наурызда апталық гидрологиялық болжамда Самарқанд су қоймасына Нұра өзені арқылы келетін су көлемі 23 наурыздан 30 наурызға дейін 91,151 млн текше метрге дейін ұлғаюы мүмкін», - деді министр.