Қазақстан ауруханалары отандық системаларды пайдаланатын болады

АЛМАТЫ. Қарашаның 23-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев / - Қазақстан бәсекеге қабілетті импузиялық система шығара алады, бұл жайында «Алто-Мед» ЖШС-нің Бас директоры Амантай Жұмабеков Алматы облысына келген депутаттармен кездесу барысында мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         Қырбалтабай аулында салынып жатқан медицина өнімдерін шығаратын зауытты «Алко-Мед» ЖШС-і басқаруда. Зауыттың 35 пайызы еншілес «Жетісу» ӘКК ҰК-на тиесілі. «Біздің зауыт ақпан айынан бастап өз өнімдерін шығара бастайды. Қазіргі уақытта мұндай аспапты Қытайдан және Германиядан тасымалдап отырмыз. Біздің өнім бәсекеге қабілетті деп айта аламын. Өйткені біздің өнімнің ерекшелігі - иненің шағын болуында және қосымша дәрі құятын түтікшесі бар, бұл қан тамырларына көп зиян келтірмейді», дейді Бас директор. Сондай-ақ бұл кәсіпорын жылына 16 миллион дана өнім шығаруды жоспарлауда. Жалпы Қазақстан бойынша жылдық сұраныс 30 миллионға жетіп отыр. Аталмыш  кәсіпорын 40 адамды Қытайдан арнайы дайындық жұмыстарынан өткізген және  165 адамды жаңа жұмыспен қамтамасыз етпек.