Қазақстан ауыл шаруашылығының негізгі көрсеткіштері бойынша 90-жылдардың деңгейіне әлі де жете алған жоқ

АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан ауыл шаруашылығының негізгі көрсеткіштері бойынша 90-жылдардың деңгейіне әлі де жете алған жоқ.

Бүгін еліміздің мал шаруашылығы саласын дамыту тақырыбында Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев осылай мәлім етті.

«Бұрынғы жоспарды экономика заманында еліміздің мал шаруашылығы айтарлықтай деңгейге көтерілді. Кейін ел экономикасы нарықтық қатынасқа көшкен өтпелі кезеңде мал шаруашылығы қатты құлдырап кетті. Мәселен, 1990-2000 жылдар аралығында мал басы орта есеппен 56 пайызға азайып, өндірілетін өнімдердің мөлшері 86,5 пайызға кеміген. Асыл тұқымды мал шаруашылықтарының саны - 3 есеге, ал ондағы мал басы 17 есеге азайды. Жұмыс істеп тұрған 62 құс фабрикасының жартысына жуығы өз жұмыстарын тоқтатты. Соның салдарынан мал өнімдерінің тұтыну көлемі күрт төмендеп, еліміз ет бойынша өзінің экспорттық қабілетін жоғалтты да, құс етінен импортқа тәуелді болып қалды», - деді А. Күрішбаев.

Сонымен қатар соңғы 10 жылда мал шаруашылығындағы қордаланған проблемаларды шешу мақсатында бірқатар кешенді жұмыстар жүзеге асырылған. Министрдің айтуынша, мұндай кешенді шаралар аталған саладағы құлдырауды тоқтатып, оның тұрақты түрде дамуына мүмкіншілік тудырды. Мәселен, осы уақыт аралығында мал басы орта есеппен 44 пайызға өскен. Тоқтап қалған 14 құс фабрикасы өз жұмысын қайта бастап, 8 жаңа өндіріс іске қосылған. Осының арқасында құс етінің импорт көлемі 70 пайыздан 58 пайызға төмендеді.

«Асыл тұқымды мал шаруашылықтарының саны 37 пайызға көбейіп, ондағы мал басының үлесі 2-3 есеге артты. Дегенмен, осының өзінде біз мал шаруашылықтарының негізгі көрсеткіштері бойынша 90-шы жылдардың деңгейіне әлі де жете алған жоқпыз. Егіншілікке қарағанда мал шаруашылығы техникалық және технологиялық жабдықталу жағынан кенже қалып отыр», - деді А. Күрішбаев.