«Қазақстан авиация индустриясы» компаниясын миллиардтаған қарызға кіргізу кімге керек болды
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілістің бір топ депутаты Астананың шетіндегі «Қазақстан авиация индустриясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жағдайымен танысып, кәсіпорынның басындағы мүшкіл жағдайды Үкімет деңгейінде көтеруге уағдаласып қайтты.
«Басы тәтті» бастама
«Қазақстан авиация индустриясы» ЖШС-нің жұмысы 2024 жылдың ақпан айынан бері іс жүзінде тоқтап тұр. Қызметкерлердің 85%-дан астамы мәжбүрлі демалысқа жіберіліп, жалақы берілмеген, есепшоттар бұғатталған, өндіріс тоқтау алдында тұр. 144 адам жұмыстан кеткен, оның ішінде шетелде оқыған 64 білікті маман бар».
Кәсіпорынның PR қызметі депутаттар келерден бір күн бұрын БАҚ өкілдеріне осындай хабарлама таратқан. Стратегиялық маңызы бар компанияның мұнша мүшкіл халге қалай түскенін өз ауыздарынан есту үшін депутаттармен қабаттасып, журналистер де барды.
Зауыт басшылары депутаттарға әуелі кәсіпорын аумағындағы цехтерді көрсетіп шықты. Бірінде жөндеу үшін шашылып, кейін аяқсыз қалған әскери ұшақтар, енді бірінде шалғай өңірден шақырту күтіп тұрған санитарлық авиация ұшақтары, тағы бірінде сынақтан өтетін уақытын күтіп тұрған дрондар орын тепкен.
Қаңтарылған қалың техника мен қорап-қорап бөлшектерді көріп, мұнда біраз уақыт бұрын жұмыс қайнап жатқанын түсінуге болады. Проблема шешімін тапса, баяғы қарқынмен жұмыс істеп кететіндей тіпті. Бірақ зауыт басшысы бұл көріністің алдамшы екенін айтты. Өйткені баспасөз-релизде айтылғандай, ең жауапты, ең күрделі жұмыстарды атқаруға жауапты 65 инженер жұмыстан шығып кеткен. Ертең зауыт проблемасынан құтылып, жұмысты қайта жандандырған күннің өзінде кеткен инженерлердің қайта оралуы екіталай.
- Ең білікті 65 инженер жұмыстан кетті. Бірі Дубайда, бірі Ресейде, бірі Еуропа елдерінде жүр. Қайтадан жұмыс бастап жатсақ, жаңадан маман іздеу керек болады. Бізді соңғы айлардағы белгісіздік қажытып бітті. Мемлекетке бұл кәсіпорын керек пе, жоқ па? Осыны нақты айтатын адам да, қорытынды шығаратын мекеме де болмай тұр. 2016 жылы зауыт іске қосылғанда 270 адам жұмыс істейтін. Қазір соның 30-ы ғана қалды. Оның өзі еденін жуып, жарығын жөндеп, температураны қадағалайтын күтіп-ұстау қызметіне жауапты жұмысшылар. Мойындарыңда төленбеген 2 млрд теңге салық бар деп шотымызды бұғаттап тастағанына 1 айдан асты. «Астана Энергосбыт» қарызға байланысты жарықты үзетіндерін айтып кетті. Жарықты қиса, есікке құлып саламыз да, жан-жаққа кетеміз. Өйткені қақпаның өзі электр күшімен ашылады, - дейді «Қазақстан авиация индустриясы» ЖШС-нің бас директоры Қайрат Жауханов.
Тағдыршешті тағайындау
Жалпы бұл зауытты Қорғаныс министрлігі мен «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының төл баласы деуге болады. 2012 жылдың қарашасында Астанада авиацияға техникалық қызмет көрсететін орталық құру туралы шешім қабылданады. Нысан мемлекет меншігіндегі әуе техникасына қызмет көрсетіп қана қоймай, пилотсыз ұшатын аппарат құрастырады деген жоспар болған. Осындай техникалық-экономикалық негіздемемен басталған жоба 2016 жылы аяқталып, төрт ангары бар зауыт жұмысын бастайды. 2018 жылы кәсіпорынға «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-дан бөлек «Қамқор менеджмент» ЖШС құрылтайшы болып кіреді.
- 2016 жылы зауыт құрылысын аяқтап, басшы ретінде жұмысқа кірістім. 1,5 жылға жетпейтін уақыттың ішінде 12 ұшақ жөндеп, тапсырысты ойдағыдай орындадық. 2017 жылы мені басшылықтан босатты. Ал 2018 жылы кәсіпорынға «Қамқор менеджмент» 50 пайыз үлесі бар қатысушы болып кіреді. Кейін зауыттың жағдайы ушыққан соң 2023 жылдың қарашасында Қорғаныс министрлігі мені қайта шақырып алды, - дейді зауыт басшысы.
Қайрат Жауханов қайта оралғанға дейін зауытты басқарған адамдар қазір қамауда отыр. Мұны зауыттың қазіргі басшылығы депуттардың сұрағына жауап бере отырып мәлім етті. 19 млрд теңгеге тапсырыс алып, аяғына жеткізбегені үшін үстерінен қылмыстық іс қозғалған көрінеді.
- Бұл жердегі 19 млрд теңге деп отырғанымыз - келісімшарт сомасының 75 пайызы. Өздеріңіз Су-25 ұшағының 4 данасы қаңтарылып тұрғанын көрдіңіздер ғой. Ақша соларды жөндеу үшін берілген. Қаражат игерілгенімен, жұмыс орындалмаған. Қазір осы мәселе бойынша тергеу жүріп жатыр. Біздің алдымыздағы басшылар 4 ұшақты Беларусь елінің мердігері арқылы жөндеткен екен. Оларға да қарыз болып шықты, - дейді бас директордың операциялық қызметтер жөніндегі орынбасары Руслан Жұмабаев.
Депутаттар уәдесі
Депутаттар стратегиялық маңызы басым нысанға жеке меншік компанияның құрылтайшы ретінде кіріп кеткеніне таңғалыстарын жасырмады. Кәсіпорынның мәселесін активтерді қайтару аясында жылдамдатып шешуді ұсынған депутаттар да болды.
- Осы мәселе көтерілген кезде бұл бағытта Бас прокуратурамен бірге жұмыс істегенбіз. Бірақ олар келісімшарттың бәрі заң аясында жасалғаны туралы қорытынды берді, - дейді Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Рахымжан Исақұлов.
Кездесуде сот бұл кәсіпорынды мемлекетке 19 млрд теңге қайтаруға міндеттеп шешім шығарғаны да айтылды.
- Қазір тергеу жүріп жатқандықтан істің барысы, мәртебесі туралы мәлімет бере алмаймыз. Тергеу қорытындысын күту керек, - дейді вице-министр.
Депутаттардың аузынан шыққан әрбір жылы сөз бен уәдеге үмітпен қарап отырған зауыт жұмысшыларын сөзге тартқанбыз. Тартыншақтай берген жауаптардан күн сайын 2-3 адам жұмыстан өз еркімен кетіп жатқанын ұқтық.
Депутаттар бұл жерде мемлекеттің ақшасы, жұмысшылардың құқығы, жеке кәсіпорынның меншік мүддесі тоғысып жатқандықтан, байыппен шешім шығару керек деген ортақ пайымға тоқтасты.
- Осындағы жеті депутаттың атынан сөйлемей-ақ қояйын. Өз басым осы мәселе бойынша мүдделі ұйымдар мен органдардың бәрінің басын бір жерде қосып, ортақ шешім табуға тырысамыз. Егер бұлай бейбіт жолмен шешілмесе, іске басқа калибрдің шараларын қосамыз. Депутаттық сауал жолдаймыз, мәселені тиісінше көтереміз, - дейді депутат Павел Казанцев.
Қайрат Жауханов кезінде бұл зауытты салуға бюджеттен 10 млрд теңге жұмсалғанын айтты. Осынша ақшаға салынған кәсіпорынға жеке меншік компанияның қалай кіріп кеткені шынымен де таңғаларлық жайт.
Кездесуде бұл зауыттың мәселесін шешуге мүдделі инвесторлар бар екені де айтылды. Бірақ олардың нақты қандай шартпен келетіні, қай елден келетіні нақты айтылмады.
Еске салсақ, Қазақстан өз аспанын пайдаланудан түскен табыстың есебінен азаматтық авиацияны неге дамыта алмағанын сараптап көрген едік.