Мемлекет басшысы автомобиль және теміржол магистральдарын жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді, авиациялық хабтарды, теңіз инфрақұрылымын, контейнерлік тасымалдарды, цифрлы логистикалық сервистерді және халықаралық көлік дәліздерін дамытуды тапсырды.
Үкімет Президент тапсырмаларын орындау аясында көлік саласын дамытудың кешенді бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Ол автомобиль, теміржол, авиация және теңіз көлігін қамтиды. Сонымен қатар салаға цифрлық технологиялар белсенді енгізіліп, халықаралық бағыттар кеңейтіліп, Қазақстанның Еуразиядағы көлік-логистикалық торап ретіндегі рөлі артып келеді.
Бүгінде көлік саласы ұлттық экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 6,1%-ын қалыптастырып отыр. Соңғы бес жылда саланың жалпы өнімі үш есеге жуық өсіп, 14 трлн теңгеден асты. Бұл тасымал көлемінің тұрақты өсуін, инфрақұрылымды ауқымды жаңғыртуды және Қазақстанның транзиттік тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
161 халықаралық бағыт, 32 ел және әуежайларды жаңғырту: Қазақстан авиациялық хабтарды дамытуда
Азаматтық авиацияны дамыту Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асырудың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Кейінгі бес жылда Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік саласындағы ICAO стандарттарына сәйкестік деңгейі 95,7%-ға жетті. Қазақстанмен тікелей әуе қатынасы бар елдердің саны 25-тен 32-ге дейін, ал халықаралық бағыттардың саны 74-тен 161-ге дейін артты.
Әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да ауқымды түрде жалғасуда. 2026 жылы Арқалық әуежайын жаңғырту жұмыстары аяқталып, Астана, Алматы және Қостанай бағыттарындағы тұрақты әуе рейстері қайта жанданды.
Жыл соңына дейін Зайсан және Катонқарағай аудандарында, сондай-ақ Кендірлі курорттық аймағында жаңа әуежайлардың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
2029 жылға дейін Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Ақтөбе, Орал және Жезқазған қалаларында ұшу-қону жолақтарын салу және реконструкциялау, сондай-ақ еліміздің ірі әуежайларының терминалдарын жаңғырту көзделген. Бұл жобаларды жүзеге асыру әуежайлардың өткізу қабілетін арттыруға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жоғарылатуға және заманауи авиациялық хабтарды қалыптастыру үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен бір мезгілде халықаралық тасымалдардың географиясы да кеңеюде. Жыл басынан бері Армения, Кипр, Қытай, Моңғолия, Грузия, Әзірбайжан, Польша, Түркия, Өзбекстан және Ресей бағыттары бойынша жаңа рейстер ашылды. Жыл соңына дейін Алматы – Үргеніш, Алматы – Токио, Ақтөбе – Баку, Алматы – Чунцин, Ханой – Алматы – Прага және Астана – Инин, Орал – Мәскеу бойынша жаңа бағыттар іске қосылады деп күтілуде.
2025 жылдың қорытындысы бойынша авиакомпаниялар 15,4 млн жолаушы тасымалдады, әуежайлар 31,8 млн адамға қызмет көрсетті және 173,3 мың тонна жүкті өңдеді. Осылайша саладағы оң серпін сақталып отыр.