Қазақстан-Австрия бизнес форумы өтіп жатыр
сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік органдарының, ұлттық компанияларының, қауымдастықтар мен іскер топтарының өкілдері қатысып отыр, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Бизнес форумның мақсаты Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын таныстыру және Австриямен сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылау, технологиялар трансферті мен Қазақстан аумағында машина жасау саласындағы бірлескен кәсіпорындарды құру болып табылады.
«Қазақстан үшін Австрия мемлекеті машина жасау саласындағы негізгі әріптестердің бірі болып отыр. Сонымен бірге, индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру барысында біз осы салада іскер байланыстарды тереңдетуге ниеттіміз. Сол үшін бүгінгі бизнес форум екі елдің бизнес құрылымдарының сындарлы жұмысына серпін беріп, кәсіпкерлікті дамытуға, бірлескен кәсіпорындар құруға септігін тигізеді деп болжаймыз», деді Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы, Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаев. Оның пайымдауынша, бүгінгі күні Қазақстанда мұнай саласына қатысты екі елдің машина жасау саласындағы ынтымақтастықты дамытып, бірлескен кәсіпорындар құруға әлеует жеткілікті. Бұдан бөлек, көліктік машиналарды, ауыл шаруашылығы мен теміржол саласындағы машиналарды жасау, қондырғылар құрастыру бойынша да ынтымақтастықты арттырудың болашағы зор.
Сонымен қатар, бүгінгі бизнес форум аясында Қазақстан мен Австрия арасында машина жасаушылар арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою күтіледі.
«Бұл меморандум Қазақстан мен Австрия кәсіпкерлері үшін көп мүмкіндіктер ашары сөзсіз», деді М. Пішембаев.