Қазақстан аятолла Хаменеймен қоштасу рәсіміне қатысты

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Сейед Әли Хаменеймен қоштасуға арналған аза тұту рәсіміне қатысты.

Фото: СІМ

Сапар аясында Ермек Көшербаевты Иран Президенті Масуд Пезешкиан қабылдап, сондай-ақ Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен келіссөздер өтті.

Қазақстандық министр Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқының атынан Иран басшылығы мен халқына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Масуд Пезешкианмен кездесуде тараптар оның 2025 жылғы 10–11 желтоқсанда Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін, сондай-ақ өңірдегі ахуал мен оның даму перспективаларын талқылады.

Аббас Аракчимен өткен келіссөздерде екіжақты ынтымақтастық, халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ Қазақстан–Иран қатынастарын дамыту мәселелері қаралды.

Ермек Көшербаев Қазақстанның Иранмен дәстүрлі достық, тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейілді екенін растады. Сонымен бірге Иран мен өңір елдерінің тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөліне тоқталды.

Келіссөздер барысында Иран мен АҚШ арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңызы да аталды.

Тараптар 2026 жылғы 28 маусымда Бендер-Аббас қаласындағы Шахид Раджаи портынан қазақстандық көлік-логистикалық терминал салуға жер учаскесін беру туралы келісімге ерекше назар аударды. Бұл жоба Мемлекет басшысының Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Кездесуде аталған терминалдың іске қосылуы Қазақстан мен Иран арасындағы өзара сауда көлемін арттыруға ықпал ететіні айтылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 26,4 пайызға өсіп, 430,2 млн АҚШ долларына жеткен.

Келіссөздер қорытындысында тараптар Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және екіжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге уағдаласты.

Айта кетейік, бұған дейін Тегеранда Иранның Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеимен қоштасу рәсімі басталғаны хабарланды.