Қазақстан әйелдер құрамасы алғаш рет әлемдік рейтингіде 6-орынға көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM — Теннистен Billie Jean King Cup әлемдік командалық рейтингісі жаңартылды.
Қазақстан әйелдер құрамасы 12-ден бірден 6-орынға көтерілді.
Осылайша, Қазақстан әйелдер құрамасы теннис тарихында алғаш рет үздік алтылыққа енді.
Қазақстандықтар Чехия, Германия, Аустралия, Жапония, Бельгия, Франция командаларын артқа қалдырды.
Өткен жылғы әлем чемпионы Италия көш бастаса, Ұлыбритания екінші, АҚШ үшінші сатыда тұр. Испания төртінші, Канада бесінші орынға табан тіреді.
Өткен айда Қазақстан әйелдер құрамасы іріктеу турнирінде табысты өнер көрсетіп, өз тарихында үшінші рет командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алған еді.
Әлемнің үздік сегіз командасы бас қосатын финалдық дода 16-21 қыркүйекте Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Германиядағы жарысты камбэкпен финалға өткенін жазған едік.