Қазақстан әйелдер құрамасы Ислам ынтымақтастығы ойындарының финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Эр-Риядтағы (Сауд Арабиясы) Ислам ынтымақтастығы ойындарының финалына шықты.
ҚР ҰОК мәліметінше, тартысқа толы жартылай финалда қазақстандық спортшылар Иран құрамасынан басым түсті. Ойын 28:25 есебімен Қазақстан құрамасының пайдасына аяқталды. Финалда Қазақстан Түркия құрамасымен кездеседі.
Гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасының қақпашысы Дамира Жапарова Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарының финалына шығуына қатысты пікір білдірді.
Спортшының айтуынша, басты мақсат - алтын медаль.
– Жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымыз. Тартысқа толы ойын болды. Финалға шыққанымызға ерекше бақыттымын. Біз үшін бұл - алғашқы Ислам ойындары. Алғашқы жарысымызда-ақ финалға дейін жеттік. Енді Түркиямен бірінші орын үшін күресеміз. Мақсатымыз - алтын медаль алу. Түркияның ойынын алдын ала зерттеп шықтық. Бірақ алаңда бәрі өзгереді. Алда әлем чемпионаты да бар. Біз дайынбыз, - деді ол.
Айта кетейік, грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының балуаны Ислам Евлоев Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында күміс медальға ие болды.