Қазақстан әйелдер құрамасының Ирландиядан жеңілу себебі: бас бапкер түсініктеме берді

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионаты іріктеу кезеңі плей-офф сатысында Ирландиямен кездесу өткізді. Қазақстандық футболшылар қарсыластарына ірі есеппен есе жіберіп, ойын 0:8 есебімен аяқталды. Команданың бас бапкері Бегайым Қырғызбаева матчтың нәтижесіне қатысты пікір білдірді.

Фото: ҚФФ

— Біз бүгінгі ойында қарсыласымыздың қысымына төтеп бере алмай, ойынның басында жылдам гол жіберіп алдық. Одан кейін бір ойыншымыз қызыл қағаз алып, ойыннан қуылды. Бұл біздің жоспарымызға әсерін тигізіп, жағдайды одан әрі қиындатып жіберді, — деді Бегайым Қырғызбаева.

Бас бапкер Ирландия командасы Еуропадағы үздік командалардың бірі екенін атап өтті. 

— Бүгін олар өз деңгейін дәлелдеді. Ойыншылары физикалық тұрғыдан өте мықты. Біз мұндай ойындардан тәжірибе аламыз. Келесі ойындарда жинақы ойнап, жақсы қорытынды шығаруға тырысамыз, — деді бас бапкер. 

Бұған дейін футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионаты жолдамасына таласатыны туралы хабарлаған болатынбыз.