Қазақстан әйелдерінің қазіргі бейнесі қандай – социологтер сипаттамасы
АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі Қазақстан әйелдерінің көбі 30-40 жастағы, қалада тұратын, тұрмыстағы, кәсіби білімі бар және бір немесе екі баласы бар жан.
«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы қорының жоба менеджері, социолог Ольга Симакованың айтуынша, орташа статистикалық қазақстандық әйел — 30–40 жастағы, тұрмыстағы және бір немесе екі бала тәрбиелеп отырған әйел. Оның кәсіби білімі бар және көбіне қызмет көрсету саласында жұмыс істейді немесе ауыл шаруашылығында еңбек етеді.
Статистикаға сәйкес, қазіргі таңда Қазақстанның тек үш өңірінде ғана әйелдер саны ерлерден аз — Түркістан, Қызылорда және Алматы облыстарында. Қалған өңірлерде әйелдер саны басым. Ең үлкен айырмашылық Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында байқалады.
Сонымен қатар ерлер мен әйелдер санының арақатынасы жасына қарай өзгереді. 35 жасқа дейінгі жастар арасында ерлер көбірек, алайда жас ұлғайған сайын әйелдер саны басым бола бастайды. 61 жастан асқан адамдар арасында әйелдер ерлерден 1,5 есе, ал 90 жастан асқан ұзақ өмір сүрушілер арасында 2,5 есе көп. Әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы ерлерге қарағанда шамамен тоғыз жылға артық.
Симакованың айтуынша, ресми неке әлі де қазақстандық әйелдердің көпшілігі үшін маңызды әлеуметтік норма болып қала береді.
— Қалай дегенде де, тіркелмеген некелер қоғамда кең тарамаған. Өкінішке қарай, әйелдердің ұзақ өмір сүруінің есебінен егде жастағы топтарда жесір әйелдердің үлесі жоғары болады, — дейді ол.
Әйелдердің некеге тұруының орташа жасы шамамен - 26 жас. Бұл көрсеткіш 10 жыл бұрынғыдан екі жылға жоғары. Ал тұңғыш баланы дүниеге әкелудің орташа жасы шамамен - 27 жас.
— Жалпы алғанда, қазіргі қазақстандық әйел, әсіресе қала тұрғыны, отбасын және жұмысты қатар алып жүруге жиі ұмтылады. Бұл қазіргі өмір қарқыны жағдайындағы жаһандық үрдіске сәйкес келеді, — деп атап өтті сарапшы.
Сонымен қатар оның айтуынша, отбасы барған сайын серіктестік одақ ретінде қабылдануда, онда міндеттер ерлі-зайыптылар арасында бөлінеді.
— Қыздар отбасы туралы ой қозғағанда, оны рөл нақты бөлінбейтін одақ ретінде қарастырады. Әйел мен ер адам отбасының игілігі үшін кімнің қолынан не жақсы келсе, соны істейді. Сонымен бірге олар өсіп келе жатқан ұрпаққа Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға мүмкіндік беретін моральдық-адамгершілік құндылықтарды сақтайды. Қыздар жігіттерге қарағанда қоғамның дамуына бағытталған ортақ мақсаттарға қолдау көрсетуге және үлес қосуға жиі дайын. Олар төзімдірек және мұқтаж адамдарға көмектесуге бейім, — дейді социолог.
Әйелдер сонымен қатар белсенді білім де алады. Жоғары оқу орындарында студент қыздардың саны дәстүрлі түрде ер студенттерден көп. Сонымен қатар қазақстандық әйелдер тек дәстүрлі «әйелдерге тән» салаларда — білім беру, медицина және әлеуметтік жұмыста ғана еңбек етпейді. Олар бизнес, саясат, ғылым және спорт салаларында да мансап құрып жатыр.
Симакованың айтуынша, бүгінде қазақстандық әйел-кәсіпкерлер шағын және орта бизнестің үлкен бөлігін ұстап отыр: микро және шағын кәсіпорындардың 80 пайыздан астамы әйелдердің үлесіне тиесілі.
Ол сондай-ақ соңғы жылдары әйелдер өз құқықтары мен жеке шекараларын белсендірек қорғай бастағанын айтады.
Ал Нархоз университетінің қауымдастырылған профессоры, социолог Айман Жүсіпованың айтуынша, бүгінде Қазақстандағы әйелдердің орташа жасы шамамен 34 жас. Бұл ретте әйелдердің басым бөлігі қалада тұрады.
Оның атап өтуінше, қазақстандық әйелдер білім алуға өте белсенді қатысады. Әсіресе олардың үлесі гуманитарлық, әлеуметтік және педагогикалық бағыттарда жоғары.
— Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар адамдардың арасында әйелдер ерлерден 458 мыңға көп. Орта кәсіби білімді де әйелдер жиі алады — 2,22 миллион әйелге 1,99 миллион ер адам. Жоғары білім беру жүйесіндегі студенттердің 53 пайызы әйелдер, — деді социолог.
Отбасылық мәртебе тұрғысынан алғанда, репродуктивті жастағы әйелдердің басым бөлігі тұрмыста немесе некеде болған тәжірибесі бар. Көбінесе олар 20–24 жас аралығында тұрмысқа шығады. Алайда Жүсіпованың айтуынша, алғашқы некеге тұру жасы біртіндеп өсіп келеді. Егер шамамен он жыл бұрын әйелдер орта есеппен 24–25 жаста тұрмысқа шықса, бүгінде бұл көрсеткіш 25–26 жас шамасында. Сонымен қатар тұңғыш баланың дүниеге келу жасы да өзгеріп жатыр.
— Демографиялық статистика ана болу жасы біртіндеп кейінге шегеріліп жатқанын көрсетеді. Бұрын бірінші баланы көбіне 24–25 жаста дүниеге әкелсе, бүгінде тұңғыш баланы 27–28 жаста туады. Ал ірі қалаларда бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін, — дейді социолог.
Сонымен қатар 20–24 жастағы әйелдер арасында бала туу үлесі біртіндеп азайып, ал 25–29 және 30–34 жастағы әйелдер арасында бала туу көрсеткіші өсіп жатыр.
— Мұндай өзгеріс кең ауқымды әлеуметтік өзгерістермен байланысты. Әйелдер қазір ұзақ оқиды, кәсіби мансабын кешірек бастайды және алдымен экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуге тырысады. Сондықтан бала туу туралы шешім көбіне білім алып, жұмысын бастағаннан кейін қабылданады, — дейді сарапшы.
Ел экономикасында да әйелдердің рөлі маңызды. 2024 жылдың төртінші тоқсанындағы деректер бойынша, Қазақстандағы жұмыс күші 9,6 миллион адам болды. Оның 4,67 миллионы — әйелдер. Шамамен 3,4 миллион әйел жалдамалы жұмыста, ал тағы 946 мың әйел жеке еңбек қызметімен айналысады.
— Әйелдер негізінен білім беру, денсаулық сақтау, сауда және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Мысалы, білім беру жүйесінде 1,2 миллион қызметкердің 892 мыңы — әйелдер. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында шамамен 433 мың әйел, саудада шамамен 877 мың, қызмет көрсету және сату саласында 800 мыңнан астам әйел еңбек етеді, — деді Жүсіпова.
Оның айтуынша, Қазақстан әйел-ғалымдар саны ерлерден көп елдердің қатарына кіреді. Елде шамамен 12 мың әйел-ғалым жұмыс істейді. Олар әсіресе әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдарда, сондай-ақ жаратылыстану және медицина салаларында белсенді. Дегенмен әйелдердің экономикалық жағдайы біркелкі емес. Жұмыспен қамтылу деңгейі жоғары және экономикадағы үлесі өсіп отырғанына қарамастан, еңбекақыда гендерлік айырмашылық сақталып отыр.
— 2023 жылғы деректер бойынша әйелдер орта есеппен ерлерден 25–26 пайызға аз жалақы алады. Бұл көбіне жұмыспен қамтылу құрылымына байланысты. Әйелдер көбіне жалақысы төмен салаларда — білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Сонымен қатар олар жоғары жалақы төленетін басқарушылық қызметтерді сирек атқарады, — дейді социолог.
Дегенмен Жүсіпова қазіргі қазақстандық әйелдердің құндылықтары күрделене түскенін атап өтті. Әйелдердің көбі тек отбасылық тұрақтылыққа ғана емес, сонымен қатар кәсіби және қаржылық тәуелсіздікке де ұмтылады. Соған қарамастан әйелдер үй шаруасына ерлерге қарағанда әлдеқайда көп уақыт жұмсайды. Бұл кейде олардың мансаптық өсу мүмкіндіктерін шектейді.
— Сондықтан бүгінгі қазақстандық әйелдердің құндылықтар моделін бірнеше өмірлік стратегияны қатар ұштастыруға тырысатын модель ретінде сипаттауға болады: отбасының маңызын сақтай отырып, білім алуға, кәсіби дамуға және қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізу, — деп қорытындылады ойын социолог.
Бұған дейін Қазақстанның мемлекеттік басқару саласында қанша әйел бар екенін жазған болатынбыз.