Қазақстан азаматшасы Түркиядағы қазіргі ахуал туралы айтып берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ыстамбұлда жүрген Қазақстан азаматшасы Бақытгүл Сали «ҚазАқпаратқа» қаладағы қазіргі жағдай туралы баяндап берді.

«Мен Ыстамбұлға демалуға келген едім. Кешкі уақытта қала айқай-шуға толып кетті, халық көшеге өре түрегелді.  Қазіргі кезде қала біраз тынышталды. Көшелер мен көпірлер жабылған еді, енді олар ашылды, көлік қозғалысы  біртіндеп жанданып жатыр. Жергілікті арналар түнгі сағат 5-тен бастап іске қосылды. Интернет жұмыс істеп тұрды», - дейді ол.

Оның айтуынша, қазіргі кезде әуежай жұмысы әлі толық жанданған жоқ. «Консулдыққа хабарласқанымызда, ол жақтан «жағдай енді ғана тынышталып келеді, мүмкін болса 1-2 сағат сыртқа шықпай тұра тұрыңыздар,  өзіміз хабар береміз» деген хабар келді», - деп сөзін қорытты Б. Сали. 

Айта кетейік, Түркия билігі жұма күні кешке елде әскери төңкеріс жасау әрекеті болғандығын хабарлаған болатын.  Ел президенті Ердоған бұны шағын бүлікшіл топ ұйымдастырып отырғанын айтып, халықты бүлікшілерге қарсылық көрсетуге шақырды. Соңғы мәліметтер бойынша оқиға салдарынан кем дегенде 60 адам қаза тапқан.  

Түркиядағы ҚР Елшілігінің мәліметінше, курортты қалалардағы жағдай тұрақты, әйтсе де демалушы қазақстандықтарға қонақүйден шықпауға кеңес берілді.

ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай,  Түркиядағы қазақстандықтар үшін жедел желі телефондары жұмыс жасауда. 

Қосымша сұрақтар туындаған жағдайларда Қазақстанның Түркиядағы дипломатиялық және консулдық мекемелерінде ашылған «жедел телефон желісіне» хабарласуға болады:

- ҚР Елшілігі (Анкара қ.): 90-533-600-6092,
- ҚР Бас консулдығы (Ыстанбұл қ.): 90-542-471-2211,
- ҚР Консулдығы (Анталья қ.): 90-535-418-3532.