Бұл туралы ол бүгін Парламент Сенатының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім етті.
Отырыс барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалануға қатысты құжат талқыланып жатқан тұста депутаттар Агенттік төрағасының орынбасарына ғарышқа ұшқалы жатқан Қазақстан азаматтарының тағдыры туралы сауал тастады. Оған жауап ретінде М.Молдабеков екі азаматтың да дайындықтан өткендігін және қазіргі таңда ғарышқа ұшумен байланысты өзге де жұмыстармен айналысып жатқандығын жеткізді. «Ұшқыштардың бірі өзіміздің агенттіктің қызметкері. Жалпы, бұл жігіттер алдағы уақытта ғарышқа ұшады деген үміттеміз. Әзірге ол үшін басты екі мәселені шешу қажет болып тұр. Біріншіден, қаржыландыру мәселесі шешілуі керек. Екіншіден, ғарыш саласындағы халықаралық стансаның иелері - 18 мемлекет. Бұрындары біз стансаның иесі тек Ресеймен ғана келісетін болсақ, енді осы 18 мемлекеттің де тілін табу қажет болып тұр. Стансаға иелік ететін әр елдің ғарыш стансасына өз азаматтарын ұшырсақ деген жоспарлары бар. Соған байланысты қазір өзіндік кезек қалыптасып отыр. Сол кезек жеткен уақытта ғарышқа еш алаңсыз ұшуға болады. Бұл мүмкіндік меніңше, 2013 жылы болады деген ойдамын»,- деді М.Молдабеков.