Қазақстан азаматтарының 99,5 пайызы сауатты - Білім және ғылым вице-министрі

АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Қазақстан азаматтарының 99,5 пайызы сауатты. Бүгін елордада ЕҚЫҰ аясындағы Шолу конференциясы барысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков осылай деді.

«Елімізде білім беруге ауқымды әрі теңдей қолжетімділік қамтамасыз етілуінің арқасында, Қазақстан халқының 99,5 пайызы сауатты болып табылады. 5-тен 24 жасқа дейінгі жұртшылықтың 85 пайызы білім алумен қамтылған. Бұдан бөлек, азаматтардың 30 пайызы білім және ғылым жүйесіне тартылып отыр. Мәселен, 4,4 млн. адам оқып, білім алып жатса, 405 мың адам осы салада қызмет етеді», деді М. Сарыбеков.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, Қазақстандағы білім беру саясатының басты қағидаттарының бірі ұлттық-мәдени теңдікті қалыптастыру, мәдениетаралық толеранттылықты, этникалық, мәдени, діни төзімділікті сақтау болып табылады. Осындай қағидаттың сақталуы нәтижесінде азаматтардың мемлекеттік және ана тілінде білім алу құқығына кепіл беріледі. «Елімізде 79,1 мың бала - өзбек, 14,7 мың бала - ұйғыр, 3,6 мың бала - тәжік тілінде оқытылуда. 19 ұлттың балалары (14,5 мыңнан астам адам) 104 жалпы білім беру мектептерінде ана тілдерін өзіндік пән ретінде оқиды. 81 жексенбілік мектепте 4 мың 257 оқушы қосымша ана тілін оқып, өз халқының дәстүрі мен мәдениетімен таныса алады. Республикадағы 33 мектепте үш тілде - қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде оқытылады», деді М. Сарыбеков. Сонымен бірге, вице-министр Қазақстан Орталық Азия елдері арасында бірінші болып Болон үдерісінің толыққанды мүшелігіне қабынданғанын айтып, білім беру саласында ЕҚЫҰ қағидаттары белсенді түрде өмірге еніп отырғанын жеткізді.