Басқарма өкілінің айтуынша, былтырғы жылы бүкіл әлемдегі азаматтығы жоқтықты жою мақсатында алдағы он жылға арналған жаһандық науқан іске қосылды. Науқанға БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Антонио Гутиеррес бастама жасаған көрінеді.
«Осыған байланысты, бүгінгі Сенаттағы кездесу осынау жаһандық бастаманың маңызды кезеңіне айналмақ. Ал анықтамалыққа келсек, бұл парламентаралық одақпен және БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссармен бірлесе отырып, азаматтығы жоқтық проблемаларымен айналысатын депутаттар де үшін жасалды. Осыған орай Қазақстан да азаматтығы жоқтықты болдырмау жөніндегі БҰҰ-ның жаһандық науқанына қатысатын болады», - дейді Б.Дойл.
Сонымен қатар, БҰҰ өкілі Орталық Азия мемлекеттері секілді Қазақстан да осы бағытта белсенді жұмыс атқарып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, Түркіменстан қазірдің өзінде 1961 жылғы Азаматтығы жоқтықты азайту туралы конвенцияға, 1954 жылғы Апатридтер мәртебесі туралы конвенцияға қосылған. Қырғызстан «Азаматтық туралы» заңнамасын халықаралық нормаларға сәйкестендірді. Қазақстанда БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғары комиссар Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, еліміздегі азаматтығы жоқтық проблемаларына қарсы күш біріктіруге уағдаласқан.
Айта кетейік, анықтамалық халықаралық құқықтың қорғауында болған азаматтығы жоқ тұлғалардың құқықтары мен міндеттері туралы ақпараттандыруға арналған.