Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінің бөлім бастығы Алмагүл Бірлән мәлім етті.
Оның айтуынша, 1974 жылы туылған азамат 15 желтоқсанда «Алматы - Бейжің» бағытындағы №887 әуе рейсін тіркеу барысында Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінің қызметкерлерімен ұсталған. «Тексеру барысында кеден органында декларациядан өтпеген 116 700 АҚШ доллары сомасындағы шетел валютасы табылды. Қазір оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 209-б. 1-б. бойынша (экономикалық контрабанда) қылмыстық іс қозғалды»,-деді ол.
Баспасөз мәслихатында сонымен қатар, Ішкі қауіпсіздік басқармасы коммерциялық құрылымдар арасында заң бұзушылықтарды анықтауда, деп атап өтілді.
«Жақында Департаменттің Ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері жүктердің уақытша сақтау қоймаларына тексеру жүргізді. Соның барысында, 13 - 14 желтоқсан аралығында түнде уақытша сақтау қоймаларының бірінен кеден органының рұқсатынсыз тауары бар вагон шығарылып, теміржол тұйығына орналастырылғаны анықталды. Уақытша сақтау қоймасының қызметкерлері кеден заңнамасының талаптарын бұзып, заңсыз іс -әрекеттерді жасағандығы үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 417-бабы бойынша (Тауарларды сақтауға орналастыру тәртібін, оларды сақтау және олармен операция жасау тәртібін бұзу )жауапкершілікке тартылатын болады»,-дейді А. Бірлән.