Қазақстан Әзербайжан Гран-приіне билет сатып алу бойынша өңірде көш бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Әзербайжанның «Формула-1» Гран-приіне билет сатып алатын жанкүйерлер саны бойынша Орталық Азия елдері арасында бірінші орынға шықты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісі Baku City Circuit компаниясына сілтеме жасап.

Фото: Baku City Circuit

Қазақстандық жанкүйерлердің Бакуде өтетін әлем чемпионаты кезеңіне деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. 2022 жылдан бері Қазақстаннан билет сатылымы жыл сайын кемінде 50 пайызға өсіп отыр. Осындай қарқынның арқасында Қазақстан Әзербайжан Гран-приіне билет сатып алушылар саны бойынша ең ірі 15 шетелдік нарықтың қатарына тұрақты түрде еніп келеді.

2025 жылы Бакудегі жарысқа әлемнің 115 елінен жанкүйерлер билет сатып алған. Орталық Азия мемлекеттері арасында сатып алушылардың ең көп үлесі дәстүрлі түрде Қазақстанға тиесілі болса, екінші орында Өзбекстан тұр.

Фото: Baku City Circuit

Бакудегі кезеңге қызығушылықтың артуы оның «Формула-1» күнтізбесіндегі ерекше мәртебесімен байланысты. 2026 жылы Әзербайжан Гран-приі өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бакуде алғашқы жарыс 2016 жылы Еуропа Гран-приі атауымен ұйымдастырылса, 2017 жылдан бері ол Әзербайжан Гран-приі ретінде өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде Баку қалалық трассасы чемпионаттағы ең танымал көше трассаларының біріне айналды.

Ұзындығы 6,003 шақырым болатын трасса Каспий теңізі жағалауындағы ұзын түзу жолды қаланың тарихи бөлігіндегі тар бұрылыстармен үйлестіреді. Ескі қала аумағында трассаның ең тар жерінің ені небәрі 7,6 метрді құрайды.

Фото: Baku City Circuit

Сонымен қатар, Баку кезеңі жоғары жылдамдығымен ерекшеленеді. Кейбір бөліктерде болидтердің жылдамдығы сағатына 350 шақырымнан асады. Ұзын түзу жолдар, күрт тежелулер мен күрделі қалалық бұрылыстардың үйлесуі Бакудегі жарысты чемпионаттағы ең тартысты әрі болжауға қиын кезеңдердің біріне айналдырады.

Мерейтойлық Әзербайжан Гран-приі аясында ауқымды ойын-сауық бағдарламасы да ұйымдастырылады. Жарыс демалысы кезінде Бакуде әлемдік эстрада жұлдызы Кэти Перри мен әйгілі диджей әрі продюсер Кельвин Харрис өнер көрсетеді.

Фото: Baku City Circuit

Мерейтойлық Әзербайжанның «Формула-1» Гран-приі 2026 жылғы 24–26 қыркүйек аралығында Бакуде өтеді.

Бұған дейін Әзербайжан астанасында классикалық және жоғары жылдамдықтағы автомобильдер фестивалі өтіп, ол биылғы автокөлік маусымының ең жарқын оқиғаларының біріне айналғаны хабарланды.

Сондай-ақ 26 жастағы қасапшы Кристофер Шрёдер Монакода өтетін «Формула-1» жарысын көру үшін 22 күнде 1010 шақырым қашықтықты жүгіріп өткені белгілі болды.