Қазақстан, Әзербайжан, Грузия темір жолы мен теңіз компаниялары Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша бас қосты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтау қаласында жұма күні «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Маминнің төрағалығымен Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуды Үйлестіру комитетінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлады «ҚТЖ» ҰК АҚ баспасөз қызметінен.

Отырысқа «Әзербайжан темір жолы» ЖАҚ, «Грузин темір жолы» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, Баку халықаралық теңіз сауда порты, «Әзербайжан Каспий теңіз пароходы» ЖАҚ, «Батуми теңіз порты» ААҚ, «Ақтау халықаралық теңіз порты» ҰК» АҚ темір жол әкімшіліктері мен порттар және су көліктері компанияларының жетекшілері қатысты. Тараптар Транскаспий халықаралық көлік маршрутының Азия мен Еуропа аралығындағы жүк айналымын дамыту мен бәсекелестігін көтеру, транзиттік мүмкіндігін арттырудың және ықпалдасқан логистикалық қызметке тарифтік жеңілдіктер жасаудың маңызы зор екендігін атап өтті. Осылайша, шамамен 2020 жылдары аталған бағдарда Қазақстанның тасымалдау көлемі 13,5 миллион тоннаға жетеді деп межеленсе, оның 10,5 миллион тоннасын экспорттық тауарлар құрайды деген жоспар бар. Ал, Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік контейнерлік тауарлар көлемі 1,5 миллион тоннаға жеткізілмек. Тараптар негізінен, Қазақстаннан Ақтау порты арқылы Каспий теңізімен мұнай, мазут, газ тасымалдаудың маңыздылығын атап өтті. 2015 жылдың екінші тоқсанында Карс (Түркия) -Ахалкалаки (Грузия) темір жол желісі ашылса, 2015 жылдың екінші жартысында Қытайдан Түркияға одан әрі Еуропаға Транкаспий бағдарымен контейнерлік пойызды ұйымдастыруға болады. Өз кезегінде Үйлестіру комитетінің жұмысы бұл жобаларға қатысушы мемлекеттердің арасында осы аймақтағы көліктік-логистикалық саладағы серіктестікті және сауда-экономикалық қарым қатынастың дамуына зор серпін береді.