Қазақстан, Әзербайжан және Грузия арасында бірыңғай теміржол әкімшілігі құрылады

Фото: Фото: Көлік министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Аталған үш ел арқылы өтетін жүк тасымалы «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейді. Бұл туралы Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров мәлім етті.

— Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның көлік министрліктері деңгейінде транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясында жұмыс тобы құрылды. Қазір үш елдің көлік қатынасын интеграциялау бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Үш елдің арасында «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін теміржол әкімшілігі құрылады. Демек Қазақстан, Әзербайжан және Грузия арқылы өтетін жүкті бір оператор, бірыңғай төлем арқылы тасымалдауға болады, — деді Мақсат Қалиақпаров БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Оның айтуынша, теміржол әкімшілігі, яғни үш елдің бірлесіп құрған кәсіпорын Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген. 

— Елордада орналасқан халықаралық қаржы орталығы үш ел үшін барлық қызметті «бір терезе» қағидатымен ұсынады, — деп толықтырды вице-министр.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Бұған дейін Қазақстанда тағы екі әуежайдың сенімгерлік басқаруға берілетінін хабарлаған едік.

Айта кетейік, бүгін елордада «Көлік және логистика нарығы» тақырыбында VI халықаралық конференциясы және GLOBAL Avia DAY әуе тасымалдарын дамыту жөніндегі I халықаралық форумы өтіп жатыр.