Қазақстан Әзербайжаннан 2 паром сатып алады

Фото: rail-news.kz

АСТАНА. KAZINFORM — «Самұрық-Қазына» қоры әзербайжандық компаниялармен екі келісімге қол қояды. Бұл туралы Ақордада аталған қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов айтты.

— Самұрық-Қазына 2 құжатқа қол қояды. Біріншісі AZCON холдингімен. Бұл келісім бойынша Орта дәлізді ары қарай дамытамыз. Яғни, Орта дәліздің әлеуетін нығайтамыз. Келісімге сәйкес, екі тарап Baku Shipyard кеме құрастыру зауытының паромдарын Каспий теңізінде пайдалану мүмкіндіктерін пысықтайды. Екінші келісімге сәйкес, SK-AIH инвестициялық қоры SOCAR компаниясымен жаңартылған энергия көздерінің, яғни жасыл жобалардың қаржылық инвесторы ретінде қарастырылады, — деді ол. 

Қор басшысының айтуынша, «ҚазМұнайГаздың» еншілес компанияларының бірі Baku Shipyard-тан 2 паром сатып алды. Бұл паромдар 2027 жылдың соңына дейін Каспий теңізінде қатынай бастайды.

— Мұнан бөлек, «Самұрық-Қазына» AZCON холдингімен келісім аясында басқа кемелерді десатып алу мүмкіндіктерін қарастырамыз. Бірінші келісімнің құны — 62 млн доллар, — деді Нұрлан Жақыпов.

Айта кетейік, Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президентін Ақордада қарсы алды. Қазіргі уақытта екі ел басшылары келіссөз жүргізіп жатыр. Одан кейін Қазақстан мен Әзербайжан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өтеді.