Агенттік төрағасының пікірінше, Қазақстан қазір ғарыштық мемлекет атануға сенімді түрде қадам басып отыр. «Біз ғарыштық державаға айналу үшін барлық күш-жігерімізді пайдаланып отырмыз. Алайда бізге қазір күні бұрын болдық, толдық деп айту ерте. Біз ғарыштық ел атануымыз үшін біздің жеке спутниктер топтамамыз болу қажет. Біз бұл бағытта қазір тиісті жоспарлар жасап, тіпті нақты жұмыстар атқарып отырмыз десек те болады. Бұл бағыттағы жұмыстарды барынша жан-жақты, терең әрі толық зерттеп-зерделедік. Қазіргі таңда ғарышты дамыту бойынша 2014 жылға дейінгі аралықты қамтитын бағдарлама да бекітілді. Оған сәйкес жақын болашақта орбитаға телекоммуникациялық мақсаттарды жүзеге асыратын «ҚазСат» сияқты жер серігі ұшырылады», - деді агенттік төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, агенттік өткеннің кемшіліктерінен сабақ ала отырып, спутникке тапсырысты халықаралық тендер негізінде берді.
«ҚазСат-3» жер серігін жасауға деген тендер қазірдің өзінде жарияланып үлгерді. Осы уақытта тендерге Франция, Германия, Жапония, Ресей, АҚШ, Израиль, Үндістан сияқты мемлекеттер қатысуда. Бұл бағытта қазір бізге өзіміздің қажеттіліктерімізді қанағаттандыратын үздік деген компанияны таңдап алу қажет. Әрине біз тапсырыс беретін спутниктің құны да бюджетімізге сай болғаны жөн. Өйткені әлемдегі ең керемет деген спутникке де тапсырыс беруге болады. Алайда оған да қомақты қаржы қажет. Бұл ретте біздің «қолымыз байлаулы». Өйткені бюджетті агенттік емес, үкімет белгілейді», - деді агенттік төрағасы.
Оның мәліметтерінше, бір жер серігінің құны шамамен 120 миллион доллардың көлемінде болады.