Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің құрылтайшы мүшесі болуға ұмтылады - Мәжіліс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі келісімінің баптарын ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі туралы келісім 2015 жылы 29 маусымда Бейжіңде жасалған болатын. Қазақстанды қоса алғанда Банктің құрылтайшысы елу жеті мемлекет болып табылады. Оның ішінде отыз жетісі азиялық, жиырмасы өңірлік емес елдер болып табылады. Ал ірі акционерлері - Қытай, Ресей мен Үндістан.

«Банктің жарғылық капиталы 100 млрд АҚШ долларын құрайды және төленетін акциялардан (20 млрд) және талап ету бойынша төлеуге жататын акциялардан (80 млрд) тұрады. Банк капиталының өңірлік мүшелерінің үлесі 75 пайызды, өңірлік емес мүшелерінің үлесі 25 пайызды құрайды. Сол арқылы шешуші дауыс беру құқығы азиялық елдерде қалады. Штаб-пәтері Бейжіңде орналасады», - дейді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, келісім күшіне енген сәттен бастап Қазақстан Республикасы Банктің құрылтайшы мүшесіне айналады және өзіне Келісімде көзделген міндеттемелерін алады.

Банк капиталының бөлінуіне сәйкес, Қазақстанның Банк капиталындағы жалпы үлесі 729,3 миллион АҚШ долларын немесе 0,7 пайызды құрайды. Төленетін капитал 145,9 миллион долларын құрап, ол 5 траншпен 29,2 млн. АҚШ доллары мөлшерінде жыл сайын төленетін болады.

«Тұтастай алғанда, әлемдегі қиын экономикалық жағдай аясында осы келісімді ратификациялау Қазақстанға Банк арқылы инфрақұрылымдық жобаларды ұзақмерзімді және қолайлы кредиттік ресурстар тартуға мүмкіндік береді. Бұл экономиканың дамуына және Азиядағы өңірлік интеграция деңгейін арттыруға оң әсерін тигізеді», - деді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.