Біріншілікке Азия мен ТМД-ның 13 елінен келген спортшылар қатысады. Аталмыш додаға каратэнің тәжірибелі шеберлері мен WKO халықаралық Шинкиокушинкай федерациясының президенті Мидори Кенжи де турнирге қонақ ретінде қатысады.
«Жарысқа келгеніме өте қуаныштымын. Азия біріншілігіне Жапониядан мықты деген 3 каратэші келді. Аталмыш турнир жоғары деңгейде өтетініне сенемін. Сонымен қатар сіздерді келесі жылы Литвада каратэден өтетін Әлем кубогінің сындарына шақырамын. Қазақстанның спортшылары өте мықты. Бұл елде өзінің Әлем чемпионы Дмитрий Моисеев бар. Былтырғы біріншілікте де аса үздік каратэшілер көзге түсті», - дейді М. Кенжи шихан.
Оның айтуынша, Қазақстан Азия құрлығында ең үздік командалардың бірі. Оның қауқары соңғы жылдары күрт жоғарылап, Азия рейтингісінде Жапониядан кейін екінші орынға ие болып отыр.
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР Шинккиокушинкай каратэ федерациясының вице-президенті, еліміздің WKO ұйымындағы өкілі Қайыртай Сармановтың айтуынша, турнирдің әрбір қатысушысына естелік сыйлықтар табысталмақ. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерге турнир кубоктарымен, диплом мен медальдармен марапатталады. Сонымен қатар көзге түскен каратэшілерге «Жеңіске деген жігері үшін», «Ең қысқа жекпе-жек үшін», «Үздік техникасы үшін» наградалары тапсыру көзделуде.
«Турнир Қазақстанда алғаш рет өткелі отыр. Қазақстан бұл додада 18 жүлденің 12-сінде жоғары биіктерден көрінуге мақсат қойып отыр», - дейді Қ. Сарманов.
Біріншілік 23-24 маусымда Астанада «Дәулет» спорт кешенінде өтеді.