Қазақстан Азия ойындарында: жарыс күнінің қорытындысы

АСТАНА. KAZINFORM — 27 қыркүйекте Аичи және Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында кезекті жарыс күні аяқталды. Қазақстан құрамасы бес медаль жеңіп алды: бір алтын, екі күміс және екі қола.

Фото: ҰОК

Қазақстан ерлер құрамасы семсерлесуден жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Руслан Курбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов командалық жарыстың финалына дейін жетіп, шешуші кезеңде Оңтүстік Корея құрамасымен кездесті. Тартысты бәсеке 43:42 есебімен Қазақстанның жеңісімен аяқталды.

Жеңіл атлетикадан Нора Джеруто күміс медаль иеленді. 3000 метрге кедергілер арқылы жүгірудің финалында Қазақстан өкілі 9 минут 06,82 секунд нәтиже көрсетті. Бахрейн спортшысы Винфред Яви жеңіске жетсе, үндістандық Парул Чаудхари үшінші орын алды.

Қазақстан қоржынына тағы бір күміс медальді Аянат Жұмағали салды. Ауыр атлетикадан 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ол жұлқа көтеруде 109 келіні, серпе көтеруде 137 келіні еңсерді. Қоссайыс қорытындысы бойынша 246 келі нәтиже көрсеткен қазақстандық спортшы екінші орынға ие болды.

Азия ойындарының қола жүлдегері Ерлан Тасмағамбетов атанды. Батуттағы гимнастикадан өткен суперфиналда қазақстандық спортшы 54,69 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады.

Қазақстанға тағы бір қола медальді Наргиза Болатова мен Ясмин Тұяқова сыйлады. Әртістік жүзуден жұптық жарыста техникалық және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша қазақстандықтар 565,7326 ұпай жинап, үшінші орын алды.

Батуттағы гимнастикадан әйелдер арасындағы жарыста Виктория Бутолина суперфиналға өтті. Қазақстандық спортшы 52,15 ұпай жинап, төртінші орынға ие болды.

Бокстан Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақтағы жарыстың жартылай финалына шығып, Қазақстанға кемінде қола медальді қамтамасыз етті. Ширек финалда ол Қырғызстан өкілі Мырзакир Кошалиевтен басым түсті.

Су добынан Қазақстан ерлер құрамасы турнирдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Жарыстың алғашқы кездесуінде Жапониядан жеңілген команда Гонконг құрамасын 29:15 есебімен ұтты.

Айта кетейік, марафондық қашықтықтағы спорттық жүрісте қазақстандық Ясмина Тоқсанбаева мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті. Алайда кейін оның аяқ киімінің World Athletics ұйымы белгілеген талаптарға сәйкестігіне қатысты наразылық туды. Қазір бұл мәселені Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы қарастырып жатыр. Соның қорытындысы бойынша шешім шығарылады.

Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының еншісінде 40 медаль бар: 9 алтын, 10 күміс және 21 қола. Ясмина Тоқсанбаеваның нәтижесі әзірге жалпы медаль санына енгізілген жоқ. Жалпы командалық есепте Қазақстан бесінші орында тұр.