Қазақстан БАӘ-ден Каспий құбыр консорциумы үшін екі айлақ қондырғысын сатып алды

АСТАНА. KAZINFORM — Келісімшартта бағасы 106 млн еуро деп көрсетілген. Бұл жөнінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Тасымалдау және логистика департаментінің директоры Ерболат Меңдібаев Мәжіліс кулуарында мәлімдеді.

Фото: РИА Новости / Виталий Тимкив

Оның сөзінше, қазіргі геосаяси жағдайға байланысты шығарылатын айлақ қондырғыларын Новороссийскіге жеткізуде қиындықтар туындап отыр. Қосымша қаражат қажет болуы мүмкін. Бұл мәселе талқыланып жатыр.

— Қондырғылардың құны 106 млн еуро деп көрсетіліп, құжатқа қол қойылған. Бірақ келісімшарт екі жыл бұрын жасалды. Содан бері бірқатар жайт орын алғанын өздеріңіз білесіздер. Сондықтан бағасы өзгеруі мүмкін, — деді Меңдібаев.

Еске салайық, 5 сәуірде Новороссийск портында оқыс оқиға болған еді. Энергетика министрлігі Новороссийск портындағы жағдайды бақылауда ұстап отырғанын жазғанбыз.