Қазақстан БАӘ-мен геологиялық барлау саласында ынтымақтастық орнатуға ниетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазгеология» АҚ Басқармасының төрағасы Ғалым Нұржанов Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы елшісі Др. Мохаммад Ахмад Әлжабермен кездесті. Бұл туралы компанияның сайты хабарлады.

БАӘ елшілігінде өткен кездесуге «Қазгеология» АҚ басшысының төрағасының орынбасары Елдар Тағаш қатысты.Кездесуде тараптар ынтымақтастықтың бірқатар перспективалы бағыттарын талқылап, екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дәйекті дамуына нық сенім білдірді.

Үстіміздегі жылғы қаңтар айындағы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың  Біріккен Араб Әмірліктеріне сапарының шеңберінде  «Қазгеология» АҚ басшылығы «Mubadala», «DUBAL», «Bin Hamoodah Group» компанияларының және т.б. әмірліктің жетекші компанияларының басшыларымен кездесіп, Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу бойынша ынтымақтастық жасау жөніндегі мәселелерді талқылады.

Елші Қазақстанда геологиялық барлау бойынша ынтымақтастық жасаудағы инвестициялық жобаларды іске асыру үшін «Қазгеология» АҚ-тың әмірліктің компанияларымен ынтымақтастықта көмек көрсетуге және осы компаниялар өкілдерінің жобаларды тәптіштеп талқылау үшін Қазақстанға тезірек келуін ұйымдастыруға әзір екенін білдірді, сондай-ақ екі ел үшін ортақ халықаралық мүдделер тоғысатын мәселелерді талқылап, оларды ұдайы үйлестірудің маңызы зор екенін баса көрсетті.