Экспозиция инфрақұрылымдық шешімдерді, қоғамдық кеңістікті абаттандыру жобаларын, қалалық ортаны басқарудың цифрлық тәсілдерін және көгалдандыру саласындағы бастамаларды қамтыған.
Павильонда қалалардың Климаттық тұрақтылығын арттыруға және заманауи экологиялық ортаны қалыптастыруға бағытталған Green ID жобасына ерекше назар аударылды.
Қазақстандық павильонның архитектуралық тұжырымдамасы экологиялық таза материалдарды, ашық жоспарлауды және көгалдандыру элементтерін пайдалануды көздейді. Орталық бөлігінде қалалық және инфрақұрылымдық жобаларды, сондай-ақ заманауи қалалық инфрақұрылым нысандарының макеттерін таныстыру үшін LED-экран орналастырылған.
Астана қаласының урбанистика орталығының өкілі Елнар Базыкен атап өткендей, Қазақстанның ұлттық павильоны еліміздің Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылған және қалалық ортаны дамытудың кешенді тәсілін көрсетеді.
- Павильонда қоғамдық кеңістіктерді абаттандырудан бастап экологиялық шешімдер мен көгалдандыру жобаларын енгізуге дейінгі қалаларды дамытуға Қазақстанның кешенді көзқарасы ұсынылған. Экспозиция Қазақстанның өмір сүру сапасы, экологиялық тұрақтылық және табиғатпен үйлесімділік басымдыққа айналатын заманауи, таза және қала тұрғындары үшін қолайлы қалаларды дамытуға деген ұмтылысын көрсетеді, - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, павильон тұжырымдамасы табиғи материалдар мен «жасыл» сәулет элементтерін пайдалана отырып, эко-стильде жасалған. Кеңістік іскерлік қарым-қатынас пен бейресми кездесулер үшін тірі өсімдіктермен және ашық террассалармен толықтырылған.
Қазақстан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Рысдәулетов елдің форумға қатысуы Қазақстанның урбанистика саласындағы заманауи тәсілдерін халықаралық қоғамдастыққа ұсынуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
- Қазақстанда қалалық ортаны дамытуға жүйелі көзқарас қалыптасып келеді. Жаңа құрылыс кодексі қалалық ортаның сәулетіне, абаттандырылуына және көрнекі келбетіне бірыңғай талаптар қалыптастыруға мүмкіндік беретін қалалардың дизайн-кодтарын енгізуді көздейді, — деді ол.
Рысдәулетовтің айтуынша, форумға қатысу тәжірибе алмасуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және заманауи урбанистік шешімдерді ілгерілетуге ықпал етеді. Форум аясында қазақстандық делегация тұрақты дамуға, қалалық ортаны цифрландыруға, Климаттық бейімделу мәселелеріне және урбанистикаға заманауи көзқарастарға арналған тақырыптық пікірталастарға қатысады.
Бұған дейін Бакуде Дүниежүзілік қалалар форумының 13-сессиясы басталғанын жазған болатынбыз.