Қазақстан балалар құқын қорғауда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді - ЮНИСЕФ өкілі Джун Кукита

АСТАНА. 1 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан соңғы 20 жыл ішінде балалар құқын қорғауда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді.

Бүгін 1 маусым - Балаларды қорғау күніне орай Парламент Мәжілісінде «Заңнама және тәжірибедегі қазақстандық балаларды жан-жақты қорғау жолында» атты тақырыпта өтіп жатқан халықаралық конференция барысында Қазақстан Республикасындағы ЮНИСЕФ өкілі Джун Кукита осылай мәлім етті.

ЮНИСЕФ өкілінің айтуынша, соңғы 20 жылда Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық дамумен қатар, балар құқына қатысты қоғамдық таным мен білім бағытында да ілгеріледі. Бұл балаларға жағымды жағдай қалыптастырудағы мемлекеттік практикалар мен стандарттарды айтарлықтай жақсартуға септігін тигізді.

«Қазақстан балалар құқын қорғауда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Мәселен мен бұндай аса маңызды жетістіктің тек 10 бағытына ғана тоқталсам жеткілікті. Біріншіден, Балалар құқын қорғау конвенциясына сәйкес, олардың құқын барынша тиімді қорғау бойынша Қазақстан 100-ден астам нормативтік-құқықтық құжаттарды қайта қарап, қабылдады. Балалар құқын өңірлік деңгейде кеңейту үшін  Қазақстанның 17 қаласы «Балалар үшін дос қала» бастамасына қосылды.  Бұдан бөлек, балалардың ойлау қабілетін жоғары дамытуға қатысты игі қадамдарды да жүзеге асырды. Қазақстан балаларды мүгедектіктен қорғауға баса назар аударды. 2006-2011 жылдар арасындағы мектепке дейінгі біліммен қамту 2-есеге артып, қазір 40 пайызды құрап отыр», - деді Джун Кукита.

Бұдан бөлек, мәртебелі мейман Қазақстандағы соттар барысында балалардың құқы қорғалуы бойынша ювениалды жүйе енгізілгенін, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін  ұлттық іс-қимыл жоспары қабылданғаны, сол арқылы мүгедек балалар мемлекет назарында екендігін атап өтті.