Балаларды қалай қорғаймыз
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде балалар құқығы туралы заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілген.
Заң талабы күшейтілді
Кәмелет жасқа толмағандарға қатысты қылмыс жасалса, жазаның ең ауыры — өмір бойына бас бостандығынан айыру.
— Зорлық-зомбылыққа қатысты қабылданған заңмен жаза да күшейтілді. Мысалы, ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік көзделді. Сонымен қатар жаңа баптар енгізілді, олардың арасында балаларға қатысты жыныстық сипаттағы тиісу әрекеттеріне қатысты бап, буллинг үшін жауапкершілік енгізген бап бар. Балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды, — дейді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.
Ол заңдағы жаза күшейген соң қылмыстың да азайғанын тілге тиек етті.
— Атап өту керек, Президент тапсырмасымен қабылданған заңдар мен іс-шаралар нәтижесінде елімізде бала құқықтарының бұзылуы, оның ішінде балаларға қатысты аса ауыр қылмыстың саны азайды. Мәселен, биылғы төрт айдың қорытындысына келсек, жыныстық зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты бес бап бойынша қылмыс 24,7%-ға, ал педофилияға қатысты екі бап бойынша қылмыстың саны 41%-ға азайды, — дейді уәкіл.
Ал қандайда бір қысым көрген балалар 111 байланыс орталығына хабарласып, көмек сұрай алады.
Ал мұндай ақпараттар мектептерде арнайы «Қауіпсіздік сабақтары» арқылы балаларға түсіндіріледі.
— Жалпы, бала құқығы бұзылған жағдайда қайда жүгінуге болатыны жөнінде ақпарат мектептерде өткен жылы енгізілген «Қауіпсіздік сабақтарында» түсіндіріліп келеді. Онда балалар 111, 102 нөмірлері мен жергілікті бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің байланыс деректері туралы ақпарат алады. Соның нәтижесінде 111 байланыс орталығына осы төрт айда 48 мың қоңырау, ал балалардан QR-код арқылы 73 мың SMS келіп түсті. Осылайша, QR-код балаларға өздерінің мәселелерін бізге жеткізіп, көмек алуларын жеңілдетеді, — дейді ол.
Балаға қауіп тек сырттан келе ме?
Мамандардың сөзіне сүйенсек, балалардың басым бөлігі отбасылық мәселелерден зардап шегеді. Әңгіме тек физикалық зорлық-зомбылық туралы емес. Баланың психологиясына әсер ететін жанұя қысымы да көп болады.
— Балалар мәселесінде ең өзекті тақырып — отбасындағы қарым-қатынас. Ата-аналар кейде баланы түсінбей жатады. Мысалы, 6 жастағы бала маған келіп «Апай, көмектесіңізші. Мен әкемді де, анамды да жақсы көремін. Бірақ неге біз бірге тұра алмаймыз?» деп сұрады. Мұндай сөздер қатты ойландырады. Сондықтан ата-аналармен профилактикалық жұмыстарды мектептермен бірлесе отырып үздіксіз жүргізіп келеміз. Себебі, балалар үшін ата-ананың жылы сөзі, көңіл, уақыт бөлуі — өте маңызды. Балалар дәл осыны жиі айтады, — дейді Астана қаласының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Әсима Бимендина.
Ал психологтер ата-аналардың балаларға шектен тыс міндет артуы да қауіпті екенін айтады.
— Ата-аналар мінсіз жоспар құрып кетеді. Балам сабақ оқуы керек, түрлі нәрселерді меңгеруі керек деген секілді міндеттерді артып тастайды. Біз балаға аз да болса, еркіндік беруіміз керек. Сондықтан баланы тек қана ата-ананың жоспарымен жүргізіп, мәжбүрлеуге болмайды. Күні бойы қараусыз қалған бала да телефонға кіріп кетуі мүмкін. Керісінше, тым қадағалауда ұстаса, ол ата-анасының айтуымен ғана әрекет ететін болып қалады. Осы екеуінің ортасында ұстасақ қателеспейміз, — дейді психолог Мөлдір Тоғжанова.
Психолог ересектер көбіне өзара мәселелерін шешу үшін балаларды инструмент ретінде пайдаланатынын айтады. Ал бұл жеткіншектердің психикасына кері әсер етеді.
— Кейде әкелер «менің ата-анам, сол үшін оларға балаларымызды жіберуіміз керек» дейді. Ата-анасының алдында өз абыройын көтеру үшін, оларды ренжітпес үшін баланы ауылға жіберуге мәжбүр болады. Біз балаларды өз эмоциялық мәселелерімізге қолданбауымыз керек. Мұндай мәселені ересек адамдар өз арасында шешуі керек. Бұл — осыған ұқсас жағдайлардың бір ғана мысалы, — дейді ол.
Ата-аналардың жиі жіберетін қателігі — өз баласына айтқанын істету үшін жасайтын манипуляциясы. Қазақ қоғамында кішкентайынан «жұрттың баласы» секілді бола алмағанынан ұрыс еститіндердің көптігі де жасырын емес. Жасына жетпей «жалқау» атанып жүрген жеткіншектер де жеткілікті. Егер осы әңгімелерден өз балаңызды көріп тұрсаңыз, келесі ақпаратты мұқият оқыңыз! Себебі, дәрігерлердің айтуынша жалқаулықтың ең бірінші себебі — денсаулық.
— Әр баланың генетикасы әртүрлі. Балаңызды көршінің баласымен салыстырмаңыз. Ең бірінші кезекте жалқаулық — қан аздық. Балаңыз белсенді болмаса, жалқау деп сөкпестен бұрын денсаулығын тексертіңіз, — дейді эндокринолог Гүлжан Аманбай.
Перзентіңіздің қауіпсіздігін қаншалықты қамтамасыз етіп жүрсіз?
Ата-ананың бала алдындағы басты міндеті — ол үшін қауіпсіз орта қалыптастыру. Ең бірінші қауіп ата-анасының қарауынсыз қалған балаға төнетіні баршаға аян. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары дәл осы мәселені айтып, дабыл қақты. Құтқарушылар соңғы 3 жылда ата-анасының қарауынсыз қалған 259 баланы суға ағып кетуден арашалап қалыпты. Ал 165 бала ажал құшқан.
— Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 700 жаппай суға шомылу орыны бекітілді. Оған тағы да 82 жағажай қосылуы мүмкін. Алайда, ең басты ескеру керек мәселе — тәуліктің 24 сағатында да балаларды ешқашан қараусыз қалдыруға болмайды. Оларға тыйым салынған аумақтарда, ересектердің қарауынсыз суға шомылмау керектігін жақсылап түсіндіру керек, — дейді ТЖМ азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің бас маманы Қуаныш Темірбеков.
Жаңа заңдардың қабылдануымен көптеген өзгеріс енгізіліп жатыр. Мәселен, сәулет және құрылыс саласына да балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістер енгізілді.
— Жаз мезгілінде кішкентай балалардың терезеден құлап кету жағдайлары жиілейді. Сондықтан ата-аналарға «Балаларды назардан тыс қалдырмаңыздар, жалғыз қалдырмаңыздар» деп үнемі айтып келеміз. Енді құрылыс салушылары жаңа кешендерді салғанда терезелерге арнайы бұғаттағыш орнатуы тиіс. Бұл талапты тұрғын үй иелері кооперативтері мен үй басқару ұйымдары қадағалауы қажет. Бұл — маңызды әрі қажетті өзгеріс деп есептеймін, — дейді Астана қаласының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі.
Мемлекет балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Үкімет жақында балалар қауіпсіздігіне байланысты 58 мыңнан астам интернет-ресурсты бұғаттады.
Бірақ кәмелет жасқа толмағандар тек мемлекет пен мектептердің жауапкершілігінде емес. Перзентіне қамсыз балалық шақ сыйлау — ата-ананың ең басты борышы.
Айта кетейік, биыл елімізде алғашқы 4 айдың ішінде балаларға қатысты 1 309 қылмыс тіркелген. Оның 60%-ы зорлық-зомбылықпен байланысты.
— Осы жылдың алғашқы төрт айында 5 765 ата-ана Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша, яғни балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін жауапкершілікке тартылды. Бүгінгі таңда 6 мыңнан астам ата-ана ішкі істер органдарының есебінде тұр, — дейді Динара Зәкиева Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.
Уәкіл балалар арасындағы ең өзекті мәселелерді де тізіп берді.
— Балалардан түскен қоңыраулар мен хабарламалардың ішінде ең өзекті мәселелер — сыныптастармен қарым-қатынас, зорлық-зомбылық, буллинг және психологиялық сұрақтар. Мысалы, осы жылғы төрт айда 264 бала психологиялық сұрақпен хабарласты. Байланыс орталығының операторлары 25 суицидтің алдын алды. Сонымен қатар ауыр депрессияда жүрген балалар жазып жатыр, олардың бәрімен Балаларды психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар 480 қылмыстық іс бойынша жұмыс жүргізіп, уәкілетті органдарға 800-ден астам сұрау салдым, — дейді маман.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мектептердегі бала қауіпсіздігі мәселесі де аса мәз еместігін айтады. Мәселен, түрлі қиындықтарын айтып, дабыл қаққан балалардың жанайқайын мектеп қызметкерлері ескерусіз қалдырған.
— Өкінішке қарай, Түркістан, Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында білім беру саласындағы өзекті жүйелі мәселелер анықталды. Мысалы, балалар зорлық-зомбылық, ақша бопсалау, әлімжеттік, тамақ тартып алу, буллинг, дене шынықтыру мұғалімдерінің сексуалдық әрекеттері туралы психологтердің анкеталарында, мұғалімдерге, директорларға хабарлаған. Бірақ олар полицияға, уәкілетті органдарға хабарламады. Инспекторлар мектептен буллинг бойынша ақпарат сұратқанда, олар буллинг 0% деп берген. Бір мектепте балалар күзде 50 оқушы қатысқан жаппай төбелес болғанын айтты, бірақ мектеп бұл фактіні жасырып отыр. Ал мектеп тарапынан болған бұндай әрекет кейін одан да ауыр қылмысқа әкелуі мүмкін, — дейді ол.
Мұндай қателікті мемлекеттік орган қызметкерлері де жиі жіберетін көрінеді.
— Кейбір өңірлерде, атап айтқанда, Жетісу және Алматы облыстарында полиция, білім беру, денсаулық сақтау басқармалары қиын жағдайдағы отбасылар, қолайсыз отбасылар туралы, зорлық-зомбылық фактілері туралы ақпаратты Отбасын қолдау орталықтарына бермейді. Соның салдарынан мыңдаған отбасы көмексіз қалып жатыр. Бұл мәселелерді әкімдіктердің алдында көтердік, — дейді Динара Зәкиева.