«Қазақстан балалары» бағдарламасын әзірлеу жұмыстары басталды
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақстан балалары» бірегей бағдарламасын әзірлеу жұмыстары басталды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың жауабында айтылған.
- Мемлекет басшысының тапсырмасымен Балалардың құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп, Парламент депутаттарын және қоғамдық ұйым өкілдерін тарту арқылы «Қазақстан балалары» бірегей бағдарламасын әзірлеу жұмыстары басталды, - деді вице-премьер жауабында.
Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысынан шет қалып отырғанын айтқан еді.
- Оның үстіне, осы бағыттағы жұмыстар қазір әртүрлі құжатпен реттеледі. Шашыраңқы болып тұр. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай, «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн. Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Бұл өте маңызды құжат болмақ. Оны дайындау үшін Үкімет, Парламент депутаттары, омбудсмен Динара Зәкиева, қоғам қайраткерлері өз үлесін қосады деп ойлаймын. Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды, - деген болатын Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, биыл балалар мен жасөспірімдер қозғалысын дамытудың жаңа тәсілдері қабылданады.