Қазақстан Бангкокта «Жасыл көпір» астаналық бастамасын таныстырды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 6 қыркүйек күні Бангкок қаласында Қоршаған ортаны қорғау министрлерінің VII Азиялық-Тынық мұхит саммиті өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Аталған саммит шеңберінде ҚР Энергетика министрлігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігі «Жасыл көпір астаналық бастамасы - тұрақты даму үшін өңіраралық ынтымақтастықтың жаңа перспективалары» тақырыбында сайд-ивент ұйымдастырды.

Сайд-ивентте «Арнасай» білімді тарату орталығының тәжірибесін, «Жасыл технологияларды» дамыту жөніндегі Халықаралық орталығын құруды қоса алғанда, «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын жүзеге асырудың жетістіктері мен перспективасы мәселелері талқыланды.

ЭСКАТО мен әріптес елдер «Жасыл көпір» астаналық бастамасының дамуына және Орталықты құру мәселелеріне ерекше мән береді.

Шара барысында ҚР энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков сөз сөйледі, модератор БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, ЭСКАТО атқарушы директоры Шамшад Ахтар болды.

Самоа Қоршаған ортаны қорғау министрі Таефу Леми, Таиланд Корольдігіндегі Бангладеш және Финляндияның төтенше және өкілетті елшілері және Моңғолия мен Корея министрліктерінің өкілдері баяндама жасады.

Астананың «Жасыл көпір» өңірлік бастамасы 2010 жылы Қоршаған ортаны қорғау және Азия - Тынық мұхит аймағын дамыту бойынша VI министрлер конференциясында қолдау тапқан болатын Кейіннен Қазақстан Республикасының Президенті «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы бойынша бастаманы ұсынды. Ол кеңінен халықаралық қолдау тапты және Рио+20 тұрақты даму бойынша БҰҰ Конференциясының қорытынды құжатына енді.

Соңғы жаңалықтар