Қазақстан банктері үшін қаржылық проблемаларды ерте ескерту жүйесі енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда банктердің қаржылық тұрақтылығының нашарлау белгілерін ресми түрде бекіту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Коллаж: Kazinform/Canva

Тиісті қаулы жобасын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қоғамдық талқылауға шығарды.

Құжат жаңа «Банктер және банк қызметі туралы» заңды іске асыру аясында әзірленген және реттеуші органға банктердің жағдайының нашарлау белгілерін алдын ала анықтауға мүмкіндік беретін нақты көрсеткіштерді белгілеуді көздейді.

Жобаға сәйкес, қаржылық-экономикалық және өзге де тұрақтылық көрсеткіштері, сондай-ақ олардың шекті мәндері айқындалатын болады.

Мұндай тәсіл тәуекелдерді уақтылы анықтауға және банктердің қаржылық жағдайының ықтимал нашарлау кезеңдерін белгілеуге мүмкіндік бермек.

Бұл — ерте әрекет ету тетігін енгізу: егер банк белгіленген көрсеткіштерден ауытқи бастаса, реттеуші орган проблеманы ертерек анықтап, оның күрделі жағдайға жетпей тұрып тиісті шара қолдана алады.

Жаңа ережелер банк секторының жағдайын бағалаудың ашықтығын арттырып, қаржы институттарының тұрақтылығына бақылауды күшейтеді деп күтіледі.

Құжат 2026 жылғы 9 маусымға дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқыға ұсынылады.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстандағы банктер жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, 2026 жылдың I тоқсанында бизнес тарапынан несиеге сұраныс аздап төмендегенімен, ірі компаниялар тарапынан инвестициялық жобаларға қызығушылық сақталған.