Бетперде жамылған екеудің бұл әрекетке тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр.
Қарақшылар төбедегі вентиляциялық люктен тура кассаның тұсынан түсуі, екі қызметкерді байлап-матап ақшаны алуға кіріскені Голливуд блокбастерлерін еске түсіргені рас.
Бақсақ, Қазақстан банктері бірінші рет тоналып отырған жоқ екен.
2016 жылы Алматы мен Астанадағы банктерге қаруланған қарақшылар шабуыл жасап, 140 мың теңгені қолды еткен. Абырой болғанда, «қаңғыған» оқ ешкімге тиген жоқ.
Ал 2009 жылғы «Цеснабанкті» тонамақшы болғандар жайлы тіпті боевик түсіруге болады.
Қылмыскерлер 15 ай бойы банктің астынан туннель қазған. Онымен қоймай, туннелге рельс жүргізіп, электр жарығын кіргізген. Жоспар бойынша 2009 жылдың 18-інен 19-ына қараған түні болуы керек-ті. Бірақ күзетші едендегі өзгерісті байқап қойып, жоспардың күл-талқаны шыққан.
Биыл Алматыдағы «Альфа банк» бөлімшесін де белгісіз біреулер тонап кетті.
ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Сәдубаевтың айтуынша, бетперде киген біреу банктің қоймасына кіріп, тапаншаға ұқсас затпен қызметкерлерді қорқытып, 65 млн теңгені алып кетті.
Жедел іздестіру шараларының барысында банктің қызметкері мен экс-қызметкері ұсталды. Олардан электрондық кіру билеті, ұрланған ақша, пневматикалық тапанша алынды.
2009 жылы «Казкоммерцбанк» ғимаратына кірген қарақшылар банктен ым-жымын білдірмей «Гарант» ЖШС тиесілі 93 млн теңгені көтеріп кеткен.
Құқық қорғау органдары аталған іс бойынша алаяқтықпен айналысқан 7 адамды ұстады. Олар ақшаны басқа банкке жасанды құжаттар арқылы аударып жіберген.
Көп ұзамай күдіктілер ұсталып, сот үкімі шықты.
2015 жылы 6 қарашада Петропавл қаласындағы «Еуразия банкін» тонауға тырысқан қарақшы шамасын білмей қалған сыңайлы. Самбоның әдістерін меңгерген күзетші қарақшының тапаншасын тартып алған.
2010 жылы Сәтпаев қаласындағы «Халық банкіне» түскен ұрылар қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін тыңғылықты дайындалғандығы көпшілікке белгілі. Алайда кассадан 19 млн теңгені алып бара жатқан жерінен күзетшілер қарсылық білдірген. Атыстан қарақшылардың бірі мен инкассатор қызметкері жараланды.
Банкке кірмес бұрын олардың көшедегі көліктің жүргізушісін өлтіріп кеткені анықталды. 2011 жылы сәуірде Қарағанды соты үш қарақшыға қатысты үкім шығарды. Бұдан өзге инкассатор көлігін, банкомат жанындағы адамдарды тонау жағдайлары да тіркелген.