Атап айтқанда, ширек финалға қарағандылық Ержан Шыныкеев, былтырғы «Қазақстан Барысының» қола жүлдегері Асыл Бәрменов, қызылордалық барыс Руслан Әбдіразақов, салмағы ең ауыр палуан шымкенттік Жұманазар Ерсұлтанов, Қостанай облысының палуаны Ерлан Омаров, Ғани Сейділдаев, республикалық турнирге алғаш рет қатысып отырған Нұрым Сәлімгереев пен Бейбіт Ыстыбаев шықты.
Айта кетерлігі, екінші айналым барысында ең қызу тартыс 2012 жылғы «Қазақстан Барысы» Бейбіт Ыстыбаев пен 2014 жылғы чемпион Мұхит Тұрсыновтың арасында өтті. Екі барыс былтырғы жылы ширек финалда кездесіп, Мұхит Тұрсынов айласын асырған болатын. Бұл жолы Бейбіт Ыстыбаев өзінің нағыз бабында екенін көрсетті. Еске сала кетейік, «Қазақстан Барысы» V республикалық турнирінің жүлде қоры 225 000 АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде 35 мың АҚШ доллары спортшылардың жаттықтырушыларына тағайындалған. Жүлде қоры төмендегідей: 1-орын - 150 мың АҚШ доллары; 2-орын - 30 мың АҚШ доллары; 3-орын - 10 мың АҚШ доллары.