«Қазақстан Барысы» атанған балуанның інісі 2020 жылға дейін спорттан шеттетілді

None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылғы «Қазақстан Барысы» атанған Мұхит Тұрсыновтың інісі Нұрсұлтан Тұрсынов 2020 жылға дейін спорттан шеттетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі informburo.kz сайытына сілтеме жасап.

Грек-рим күресінен ел намысын қорғап келген Азия чемпионы Нұрсұлтан Тұрсынов тыйым салынған мельдоний препаратын қолданып, допингке қарсы ережені бұзған.

Сол себепті Біріккен күрес әлемі Нұрсұлтан Тұрсыновты 2020 жылдың 3 наурызына дейін спорттан шеттеткені белгілі болды. Бірақ, бұл оқиға туралы Қазақстан күрес федерациясы арнайы мәлімдеме жасаған жоқ.

Еске сала кетейік, Нұрсұлтан Тұрсынов - қазақ күресіндегі танымал бапкер Шыңғыс Тұрсыновтың ұлы. Нұрсұлтанның туған ағасы Мұхит Тұрсынов -«Қазақстан Барысы» турнирінің чемпионы.

Нұрсұлтан Тұрсынов «Қазақстан президенті кубогы» халықаралық турнирінің екі дүркін қола (2012, 2013 жылдары) және күміс (2015 жылы) жүлдегері, Азия чемпионы (2014 жылы), Испания гран-приінің жеңімпазы (2014 жылы), Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2015 жылы), Болат Тұрлыхановты еске алуға арналған халықаралық турнирдің жеңімпазы (2015 жылы).