«Қазақстан Барысы» додасын әлем бойынша жарты миллиардтан астам көрермен тамашалайды - А.Шораев

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан Барысы» додасын әлем бойынша жарты миллиардтан астам адам тамашалайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев мәлім етті.

«Қазіргі кезде турнирді республикадағы ең үлкен ұлттық арна «Қазақстан» мен «KAZSport» трансляциялайды. Былтырғы рейтингке сүйеніп айтатын болсам, тек Қазақстанда 5-6 млн. көрермен тамашалады. Менің ойымша, алты сағатқа созылатын трансляция үшін бұл өте жақсы көрсеткіш», - деді А.Шораев.

Оның айтуынша, 37 елге тарайтын «Боец» телеарнасының арқасында турнирді әлем бойынша тағы 250 млн. адам тамашалауға мүмкіндік алмақ.

Бұдан бөлек, айтулы доданы көрсетуге бірнеше арналары, сондай-ақ Интернет телеарналар қосылады деп күтілуде.

«Сондықтан да біздің турнирді барша әлем бойынша жарты миллиардтан астам көрермен тамашалайды», - Шораев.

Осымен бесінші мәрте жалауы желбірейтін биылғы «Қазақстан Барысы» турнирінің іріктеу сындары еліміздің барлық аймағында мәресіне жетіп, жүзден жүйрік атанған ең мықты 33 балуан шілденің 4-і күні Астанада өзара белдеседі.

Аталған турнир аясындағы іріктеу төрт кезеңде өтті. Бірінші кезеңдегі іріктеулер ағымдағы жылдың сәуір бойы ауылдар мен елді мекендерде, ІІ кезең - аудандық, қалалық іріктеулер 1-15 мамыр аралығында, III кезең - облыстық іріктеулер 20 мамырға дейін болды, сондай-ақ соңғы кезең - ақтық сын. Оған қатысатын балуандар арасында 19-23 мамыр аралығында Алматы қаласында оқу-жаттығу жиыны өткізілді.