ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Биыл «Қазақстан барысы» атанған қызылордалық балуан Мақсат Исағабылов Румынияның Констанца қаласында өткен қазақ күресінен әлем кубогында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлем кубогына дүниежүзінің 15 мемлекетінен балуандар келді.
Тартысты өткен бәсекеде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальмен бірге ақшалай сыйлық берілді.
Еліміздің үздік балуаны Мақсат Исағабыловқа 100 келіден жоғары салмақта қарсылас шақ келген жоқ.
Жүлде тігілген сегіз салмақтың жетеуінде қазақстандық спортшылар мықты екенін көрсетті.
Олардың қатарынан Бекжан Төлепов, Марат Нығматуллаев, Нұрболат Мырзанов, Сафуан Мұратбеков, Еламан Қойшыбаев пен Әсет Ахметжанов чемпион атанды.
Ал 100 келіге дейінгі салмақта Еркінбек Бөлен камерундық Доласем Дьэдоннеге жол беріп қойды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Жәмила Бақбергенова мен Азамат Дәулетбеков еркін және әйелдер күресінен әлем кубогына шақырту алған еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.