«Қазақстан Барысы» сайысындағы төрешілер саны қысқартылды - ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық төртінші турниріне өзгерістер енгізілді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев мәлім етті.

«Өткен жылғы турнирде 12 төреші болса, біз оны 6-ға дейін қысқартып отырмыз. Атап айтқанда, биыл Қазақстанда өтіп жатқан чемпионаттарында біздің төрешілеріміз емтихан тапсыратын болады. Сол емтихан арқылы ең әділ әрі сауатты төрешілеріміз анықталып, алтауы «Қазақстан Барысына» төрелік етеді», - деді агенттік басшысы. Т. Есентаевтың сөзіне қарағанда, сынақтан өткен төрешілер әрқайсысы 1 мың АҚШ доллары көлемінде өздерінің қалтарынан ақшаларын салатын болады. «Төрешілік еткен кезде қатесі болмай, барлығы дұрыс жүргізілсе, онда төрешінің ақшасы қайтарылып, оның үстіне 5 мың доллар көлемінде төлемақы жасалады. Осындай шешім арқылы біз төрешілердің әділ болуына бұндай жағдай жасап отырмыз. Былтырғыдай қазылар алқасы болмайды. Сондықтан қазақ күресін Олимпиада ойындарының бағдарламасына кіргізу жоспарымызда болғаннан кейін, турнирді халықаралық федерациялардың ережелеріне сәйкес өткізуіміз керек. Осы орайда Бас төреші және алты төреші аталған айтулы додаға төрелік етеді», - деді агенттік төрағасы. Бұдан бөлек, екінші өзгеріс палуан бапкерлеріне сыйақы төлеу мәселесіне қатысты болды. «Жеңімпаз палуанның бапкеріне 50 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы берілген еді. Биыл оны 20 мың долларға дейін қысқартып отырмыз», - деді Т. Есентаев. Айта кетейік, «Қазақстан Барысы» турнирінің іріктеу жарысының бірінші кезеңі 31 наурызға дейін ауылдарда өтеді, ал екінші кезең аудандық және қалалық дәрежеде сәуір айы бойы ұйымдастырылады. Үшінші кезеңінде облыстық іріктеу жарыстары 1-20 мамыр аралығында өтсе, турнирдің ақтық сыны 29 маусымда Астанадағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтеді.