Боз кілемде 34 палуан «Қазақстан барысы» атағына таласады. Турнирдің басты жүлдесі - ҚР Ұлттық банкі құйған «Алтын тайтұяқ» кубогі және Алтын белбеу. Оған қоса, жеңімпаз 24 млн. теңге мен 6,5 млн. теңге тұратын Хюндай Соната көлігін иеленеді. Екінші, үшінші орын алғандар күміс пен қола медаль және ақшалай сыйақы алады.
Ашылу салтанатында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқыды.
Елбасы ұлттық рухты асқақтатып, жастарды отаншылдыққа тәрбиелейтін, барша жұртты салауатты өмір салтына бастайтын байрақты бәсекеге қатысып отырған барлық палуандарды құттықтай келе, «Қазір елімізде 33 мыңнан астам спорт кешені салынып, жұмыс жүрізілуде, Лондонда өткен ХХХ Жазғы Олимпиада ойындарында зор жетістіктерге жеттік. Еліміз спорттық бәсекелерді ұйымдастыруда мол тәжірибе жинақтады. Былтырғы Қысқы Азия ойындары осының айқын дәлелі. Сондықтан «Қазақстан барысы» секілді ауқымды жарыстарды өткізуге барынша қолдау жасалуы керек. Сайыпқыран ерлерге сәттілік тілеймін!» - деп жазды.
Еске сала кетейік, былтыр 20 тамызда Қазақстанда «Қазақстан барысы» І республикалық турнирі 64 палуанның қатысуымен өткені белгілі.
Онда жүлде қоры 250 мың АҚШ долларын құрады. Алтын белбеу қызылордалық Ұлан Рысқұлға, күміс белбеу жамбылдық Бейбіт Ыстыбаевқа, қола белбеу шығысқазақстандық Шалқар Жоламановқа бұйырды.