«Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Айбек Нұғымаров жерлестерін Наурыз мерекесімен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Айбек Нұғымаров жерлестерін Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтады, деп жазады nurotan.kz.

«Құрметті қазақстандықтар! Барлық жерлестерімді қазақтың ұлық мерекесі Наурызбен құттықтаймын!

Әрбір қазақ баласы сияқты бұл мерекенің менің де өмірімдегі орны ерекше. Өйткені қаршадайымнан осы Наурыз тойларында топқа түсіп, қазақ күресіне шыңдалдым. Болашақ балуан ретінде әуелі ауылыма, одан кейін жалпақ жұртқа танылуыма осы қасиетті мейрам себепкер болғанын еш ұмытқан емеспін.

Мемлекетіміз тәуелсіз ел ретінде осымен жиырма төртінші Наурызын қарсы алуда. Осы аралықта экономикамыз өрлеп, әл-ауқатымыз артып қана қоймай, қазақы құндылықтарымыз лайықты бағасын алып жатыр. Жоғалғанымыз қайта жаңғырып, өшкеніміз тірілуде. Соның айқын дәлелі ретінде қазақ күресінен әлем чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырыла бастағанын айтар едім. Бүгінде қазақтың төл күресін алты құрлықтың халқы біледі. Бір ғана Шығыс Қазақстан облысында біздің жолымызды қуып, қазақ күресіне өмірін арнауға бекінген жеті мыңнан астам жасөспірім бар. Мұның бәрі де мемлекетіміздің төл күресімізге деген тікелей қамқорлығының арқасында болып жатыр. Қазақ күресінен бөлек көкпар мен аударыспақ, айтыс пен дәстүрлі музыка мемлекет қамқорлығына алынды. Осының бәрі мені қазақтың қарапайым ұлы ретінде қуантпай қоймайды.

Наурыз - ырыс пен ынтымақтың, береке мен бірліктің, жақсылық пен жаңарудың мерекесі деп жатамыз. Қазақи жыл санау бойынша есігімізден енген қой жылы ырысты болсын. Мемлекетіміз алдағы уақытқа жоспарлаған барлық межелерді табысты бағындырып, қиындықтарды қапылыссыз еңсеруіне себепкер жыл болсын қой жылы. Қой жылы қазақ елі үшін аса маңызды оқиғаларға толы кезеңге дөп келіп отыр. Демек, бұл жылдан күтеріміз көп.

Сонау сақ дәуірінен бері тарихтың талай тосқауылын көрсе де озық дәстүр ретінде бүгінгі күнге жеткен Әз Наурыздың қазақ үшін маңызы мен мәртебесі әрқашан ерекше. Бір шаңырақ астында, бір тудың астына топтасқан жұртымыздың татулығы нығайып, ел іргесі беки берсін. Барлық қазақстандықтардың отбасына береке, байлық, бақыт тілеймін. Ұлттық мерекеміз, ұлық мерекеміз барлығымызға тек қана қуаныш әкелсін!» деп жазылған балауанның құттықтауында.