«Қазақстан Барысы» V республикалық турнирінің жүлде қоры 225 000 АҚШ долларын құрайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлт көшбасшысы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» V республикалық турнирінің финалдық кезеңі 4 шілде Астанадағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтеді.

Биыл бесінші рет ұйымдастырылатын «Қазақстан Барысы» турниріне еліміздің әр аймағынан іріктелген 32 балуан мен былтырғы жылғы жарыстың жеңімпазы Мұхит Тұрсынов жолдама алып отыр. Тұрсынов турнир ережесіне сай биылғы бәсекеге іріктеусіз шықты. Іріктеу жарысы наурыз айынан бастап, мамыр айына дейін үш кезең (ауыл, аудан, облыс) бойынша жүргізілді.

«Қазақстан Барысы» V республикалық турнирінің жүлде қоры 225 000 АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде 35 мың АҚШ доллары спортшылардың жаттықтырушыларына тағайындалған. Жүлде қоры төмендегідей:

1-орын - 150 мың АҚШ доллары; 2-орын - 30 мың АҚШ доллары; 3-орын - 10 мың АҚШ доллары.

Доданың бас демеушісі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ болып табылады.

Айта кетейік, биылғы «Қазақстан Барысына» қатысатын 33 балуанның 16-сы бұған дейінгі сайыстарда өнер көрсетті. Оның ішінде турнирге үзбей қатысып келе жатқан үш балуан бар. Олар - 2012 жылғы «Қазақстан Барысы» атанған Бейбіт Ыстыбаев (Жамбыл облысы), 2013 жылғы «Қазақстан Барысы» Айбек Нұғмаров (ШҚО) және Ақмола облысының алыбы Нұрлан Жамалов. Осы үш балуан 2011 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан турнирден бірде-бір рет қалған емес.