«Қазақстан Барысының» жүлде қорын 1 млн. доллардан асыру жоспарланып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан Барысының» жүлде қоры қысқармайды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қазақ күресі федарациясының президенті Арман Шораев мәлім етті.

«Әлемде дағдарыс болып жатқанын білесіздер, сондықтан біздің де қаржымыздың көлемі біршама қысқарды. Бірақ та, біз қолымыздан келгенше жүлде қорын бұрынғы деңгейде сақтап қалуға тырысамыз. Өйткені, серіктеріміздің саны жыл сайын артуда және олар тиісті қолдау жасайды деген сенімдеміз», - деді Шораев.

Оның сөзіне қарағанда, дағдарыстық жағдай еңсерілгеннен кейін, болашақта жүлде қоры артатын болады.

«Дағдарыстар өтпелі, яғни жақын арада аяқталар. Біздің жоспарымыз бойынша алдағы он жыл ішінде жүлде қоры 1 млн. доллардан асып түседі деген ойдамыз», - деді федерация басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Президентінің жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» турнирінің ақтық сыны 5 шілдеде елордадағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтеді. Қазіргі кезде іріктеу жарыстарының бірінші кезеңі өткізілуде.